Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  94


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Уақыт өтер бұлттарман ілесіп...

Уақыт өтер бұлттарман ілесіп,
Үміт-жұлдыз бір жанады, бір өшіп.
Ақын өтер аңғал-саңғал қалпында,
«Жүрегі жоқ» пенделермен күресіп.
Сыр іздесе ұлы тарих көшінен,
Ескі күндер есте қалар несімен?
Кеңдігіне кесапаты тиетін,
Жомырт далам кесірді де кешірген.
Қалта қалың, баста бірақ тапшы ой,
(ойсыздардың жағдайы да жақсы ғой).
Өз жоғы емес, елдің жоғын жоқтаған,
«Ақын да бір алаңғасар, бақсы ғой».
Дейді күліп «жүрегі жоқ» пенделер,
«Өлең емес, ақша адамға өң берер».
Түсінігі дүниеден аспайтын,
Тоғышармен ақын қалай тең келер?!
Өмір-майдан, өзегінен қан тамған,
Адастың деп қаға қоймас арқаңнан.
Екі бүктеп топыраққа тығады,
Алтын саулап тұрса-дағы қалтаңнан.
Сағынышпен сарғайғанда сана-мұң,
Табиғат та жаспен жуар жанарын.
Сансыз жүрек ақынды еске алады,
Жырларында рухы бар Даланың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу