Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  140


Автор: Гүлсара Шалқар

Бақыт үшін күрес

...Мен сені ұнаттым,
Сен оны ұнаттың...
Жазықсыз Жүрегім жұбанбай жылап тұр.
Өзгені ойлайтын санаңа
Жетпейтін шығар-ау бірақ бұл.
Селк етсең,
Сенделген сезімге құлақ түр.
...Мен сені ойладым,
Сен оны ойладың...
Базына айтып тұр безеріп бойда Мұң.
Өмірлік сүйгісі келетін
Көңілге тосқауыл қоймадым.
Қызықсаң,
Жүрекке тереңдеп бойлағын.
...Мен сені сағындым,
Сен оны сағындың...
Жанымды қинайтын қызғаныш − Жалын тұр.
Жүректі қарыған Сезімнің
Отына өртенген шағым бұл.
Аясаң,
Махаббат нұрына малындыр.
...Сен оған ғашықсың.
Мен саған ғашықпын...
Кеудемде ғаламат ғашықтық тасып тұр.
...Нәпсіге шекара қойылған.
Сезім мен Сезімді бөлетін қашық бұл.
Жолама,
Әрірек, қашық тұр...
Жанардан жылжитын жауын боп жастары
Неліктен мұңлы тек Махаббат аспаны?
...Мен сені сүйемін.
Сен оны сүйесің.
Сүйіктің сүйеді басқаны.
Қайтесің...
Менімен жаңа өмір бастағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу