Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  100


Автор: Гүлсара Шалқар

Түйін

Үш тағдыр − үш түйін,
Бір жіпке байланған.
Үш жүрек – үкімсіз, үмітке айналған.
Бақыты, уақыты, жақұты кем еді
Қай жаннан?
Жо-жо-жоқ, кем емес ақылы, сезімі...
Неліктен қауқарсыз күй кешті езіліп?
Тірлікпен титықтап шарасыз шаршайды
Қайғысы күшейіп, Шаттығы көз іліп.
Мен-дағы мұңайдым сыртынан бақылап.
(Адам мен адамның жүрегі жақын-ақ!)
Алладан берілген үкімге қарсылас
Адамның барлығы ақымақ.
Үнсіздік − бір күрес. Үн-түнсіз жатқаны...
Кірпияз көңіл мен жүрекке батқаны:
(Ақ жаным ақ тілек тілейді адамға)
Түйінді тағдырлар шешімін таппадым.
Үш тағдыр − үш түйін байланған бір жіпке,
Өзгерсе деп үкім тағдырдан Үн күткен.
Үшеуі үштүрлі қарманып жатыр ғой,
Қоюға бір нүкте...
Неліктен үшеуге бір тағдыр бұйырды −
Неліктен жеңуге тиісті құйынды?
Я, Алла! Сынақпен сынап ап құлдарды,
Шеше гөр түбінде тағдырлас түйінді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу