Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  74


Автор: Гүлсара Шалқар

Сезім сатылары

...Шынымен сүйеді екенсің...
Сүю бұл − адамға екен сын:
Сүйіктің паң мінез көрсетсе,
Ол үшін ешкімсің, бекерсің.
Сөйлесу мәнерін білмейтін,
Ешкімсің көзге де ілмейтін.
Тым сұлу болса да,
Жылусыз
Түн тектес тәрізді Күн кейпің.
Бәлкім сен бұл кезден өтерсің.
Сүю бұл − адамға екен сын:
Сүйіктің назарын салғанда,
Кірерге жер таппай кетерсің.
Кетерсің, тыпыршып қозғала.
Тіл қатпай тұрасың сөз баға.
Сезімнің тілінде сөз емес,
Сөйлейді жәудіреп көз ғана.
Бәлкім сен бұл кезден өтерсің.
Сүю бұл − адамға екен сын:
Сүйіктің сынаққа алғанда
Өзіңнің түбіңе жетерсің.
Ғашықтық көзімен ұқтыра,
Қипақтап, алмайсың тік тұра.
Халіңді түсінбес адамның
Қабағы қатулы, бұлттылау...
Бәлкім сен бұл кезден өтерсің.
Сүю бұл − адамға екен сын:
Сүйіктің сенен сырт айналса,
Өмірден баз кешіп кетерсің.
Сан сұрақ шаршатып сананы
(Жауапсыз махаббат − жаралы)
Жүрегін жаулауға өзгенің
Жүрегің ерлікке барады...
Бәлкім сен бұл кезден өтерсің.
Сүю бұл − адамға екен сын:
Сүйіктің сенімін білдірсе,
Ол үшін тәттісің, шекерсің.
Үлпілдеп үкілі үмітің
Ойлайсың толғанып күні-түн.
Қос жүрек құлпы да ашылар,
Табылса көңілдің кіл(і)ті...
Бәлкім сен бұл кезден өтерсің.
Сүю бұл − адамға екен сын:
Сүйіктің жүрегін ұсынса,
Бақытты етуге бекемсің.
Әзірсің жаныңды қиюға.
(Сезім бұл − сыйлықты жию ма?)
Сезімнің бақытты сатысы −
Отауға ұрпақпен сыюда.
Некелі өмірге жетерсің...
Сүю бұл − адамға екен сын:
Сүйікті болуға ұмтылсаң,
Бар жүкті иығың көтерсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу