Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  83


Автор: Гүлсара Шалқар

Байқадың ба?

Көктем келді!
Алақай,
Көктем келді!
Құлпырады жайқалып бөктер енді.
Жаратқаным жаңбырлы нөсерімен
«Өмір дәнін» әлемге сепкен еді...
Жерді қара...
Борпылдақ, бұрсаныпты.
Елді қара...
Жанары жұмсарыпты.
Олар мендей қуанады.
Байқадың ба?
Құбылуда бейнесі қаншалықты.
Күнді қара...
Нұр төгіп, күлімдеген.
Бұлтты қара...
«... Жаһанға үңіл» дегем.
Олар мендей куанады.
Байқадың ба?
Көрінбейтін түнектен бұрын төбем.
Талды қара...
Жайқалып, тербеле ме?
Қарды қара...
Сайларда сенделе ме?
Олар мендей қуанады.
Байқадың ба?
Табиғатты бастадым енді көре.
Суды қара...
Сұлудың сыңғыры ма?
Желді қара...
Баланың былдыры ма?
Олар мендей қуанады.
Байқадың ба?
Көктеменің қадірін шын ұғына.
Көлді қара...
Мұз болып қатқан еді.
Шөпті қара...
Ол кеше жоқ та еді.
Олар мендей қуанады.
Байқадың ба?
Тіршілік бар. (Өмірі тоқтап еді...)
Аязды қара...
Арыстан ақыратын.
Гүлді қара...
Көктемді шақыратын.
Олар мендей қуанады.
Байқадың ба?
Елең етер естісе ақын атын.
Маған қара...
Бойдағы құндылықтың
Иесі боп көзімде нұр күліп тұр.
Көктем келді!
Күш келді!
Байқадың ба?
Шабыттанған жүректе жыр тұнып тұр.
.... Әлем кетер көктемде құлпырып тым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу