Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  115


Автор: Гүлсара Шалқар

Бір адам бар!!

ЖҮРЕГІ − қарт тау, асқақтап тұрар аспанда.
ТІЛЕГІ − бақ-бау, пыр-пырлап ұшар қасқалдақ.
ТАЛҒАМЫ − бақыт, арманға салған қос қармақ.
АРМАНЫ − саты, мақсатқа жетер баспалдақ.
ҚАЙРАТЫ − темір, таусыла күтер тағатын.
АЙБАТЫ − көмір, өшігіп-өршіп жанатын.
ОЙЫ − қырандай, қиядан қиқу салатын.
БОЙЫ − жыр-әндей, жаныңды жусап алатын.
КӨҢІЛІ − қардай, сөз киесінен еритін.
ӨМІРІ − жардай, аттаса болды… құритын.
ҚАМЫТЫ − өлім, өксікпен өмір кемитін.
ШАБЫТЫ − бөрі, аштықта ғана ұлитын.
ЖЫРЫ − алтын күн, шуағын жерге төгетін.
МҰҢЫ − салқын түн, қараңғылықпен төнетін.
ТАСУЫ − қапырық, күн ыстығына көметін.
АШУЫ жапырақ, күз мезгілінде өлетін.
СЫРЫ − асыл тас, теңіз түбінде жататын.
ТҮРІ − масыл мас, ақылын «аққа» сататын.
КӨЗІ − жалын от, алаулап жанып жататын.
СӨЗІ − (қару) оқ, дұшпанға ғана ататын.
ЖАНАРЫ − гүлдей, мезгілі жетсе солатын.
ҚАЛАМЫ − желдей, әркімге жолай соғатын.
Аққу құстай алысқа жайған қанатын,
Біреуден төмен, біреуден биік − САНАТЫ,
Бір адам бар, ал атына келсек…
Ол − АҚЫН




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу