Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  104


Автор: Гүлсара Шалқар

Жылап тұрып қарсы алды...

Мақсатты ту ғып ұстап: «Өмірде біл!»
Толтырып ап құштарлық, көңілге нұр
Жүргеніммен қаланың құшағында
Дархан далам жүректің төрінде тұр.
...Қым- қиғаш тірліктен сыр ұқпадым...
Ауыл десе лайланар тұнық жаным.
Тынық ауа, абат жер, қырмызы гүл,
Көк майсалы төбемді ұмытпадым.
Білім іздеп қаламен табысқалы,
Есімде тұр құлынның шабыстары.
Маған ыстық – көшелер, аула, өзен...
Торғай, шымшық, қарлығаш, сауысқаны...
Қайран ауыл қол бұлғап шақырады.
(Соны ойлап жүрегім аһ ұрады)
Адалдық пен кеңдікті сыйға тартқан
Қарт жүрегі өкпелеп жатыр әлі...
Бойға бітіп даланың дархандығы
Сол елімнің сенімін артам жүгін,
Құрысыншы.Кеттім ал. Бәрі қалсын
Тартып тұр-ау ауылға арқам бүгін.
Артта қалды көп жолдың өрнектері.
(Кінә артпа, ауылым, тергеп мені.
Күт.Күте тұр. Көруге асық болып,
Келе жатыр ерке қыз «жөргектегі»)
Баяғы көше... Ақ үйлер... бары мынау...
Шөбі шүйгің, таза ауа, бәрі гүл-ау...
Түскен кезде көліктен,
Құйындатып,
Жауын жауды әп-сәтте... Тәңірім-ау!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу