Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  77


Автор: Гүлсара Шалқар

Тойтарыс

Түсінбедің, түсінбедің, түсінбедің,
(Түсінбестен пікірлерді пайымдама!)
Өзім ғана өз әлемім ішіндемін
Көңілім мен өміріме дайындаған.
Жүрегіме орнатылған
мың құлыптың
Кілттерін ажырату емес мүмкін.
Тұрғынымын әлемімнің
тұрғылықты,
Қақпасынан қайтып жатыр елес бүкіл.
Көрмеген жан айта алмас
көргендей боп:
Көргенің тек − құлыптаулы қақпа ғана.
Білмеген жан айта алмас
білгендей боп:
Білгенің тек − жыр жазулы хаттар ғана.
Алла менен маған аян
мен жайында−
Сен сыртымнан тонды пішіп, кестеледің.
(Дерексіздік белгісіндей
нөль пайымдар,
Өсектерден мен несіне сескенемін?
Жалған сөздер− сүрінген жан, тайғанақ−ой).
Ішім − қатты, сыртым− тәтті.
Білдің нені?
Ұлға ғашық қыздың жаны жай ғана ғой,
Ұлтқа ғашық қыздың жаны тым күрделі!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу