Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  95


Автор: Гүлсара Шалқар

Сәлемдеме

Әлемнен өзгеше сыр іздеп көптеген,
Айқара ашылған есікке беттегем
Түрмеге тап болдым,
тыныштық-күзетші.
Аз жүрсем, аз көрем.
Көп жүрсем, көп көрем.
Аз өмір сүргем жоқ − бала да емеспін.
Көп өмір сүргем жоқ − дана да емеспін.
Шаладан данаға айналу жолында
Іздену − өмірлік мақсатым демес кім?
Жарқ етер, жұрқ етер
алдамшы Сәулелер...
(Сәулелі үмітпен түседі әуреге ел)
Бұл өмір − бақытпен
алдайтын сенделу,
Бұл өмір − арманмен
арбайтын әурелер.
Қайтейін қызығып қызылға, жасылға?
Табиғат тылсымын ішіне жасырған.
Ән қуған ақ көңіл, сән қуған мәрт көңіл,
Кездегі сезімім бойымнан басылған.
Байсалды бейнеммен ұнаймын ұнасам.
(Дұшпанға ісімді көрсетіп, сын асам)
... Тұйықтық түрмесі тұтқынға алыпты
Дей салшы мен жайлы біреулер сұраса...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу