Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  111


Автор: Гүлсара Шалқар

Жүрегім ауырғанда

Өмір жолым − тым тайғақ,
Қалт-құлт етіп келемін.
(Жолға шықтым құлап ап.
Жығылмауым жөн еді!)
Қабағына қар жауып,
қарсы алар Қиындық
Ызғарына шыдатпас.
Тағдырымнан көремін...
Өмір жолым − тым тайғақ.
(Жарақаттар сыздайды.)
Ойларым жүр сабылып
Өмір, Өлім, Із жайлы.
Ертеректе ерекше қызуқанды жан едім,
Жылуы жоқ өліктей жаным неге мұздайды?
Өмір жолым − тым тайғақ.
(Құламауға бекіндім).
Жүріп келем, күш барда,
желге тосып бетімді.
...Ұрланды деп қызықты,
уайымдауға уақыт жоқ.
Мың қиындық соңында,
бір бақыт бар секілді.
Өмір жолым − тым тайғақ.
Бастау алған бүкіл мұң,
Қуанышпен жалғасар
қайғы деген − үтір бұл.
...Өмірімнің соңына нүкте қояр сәт үшін
Өлім менің жолымның
қысқарғанын күтіп жүр...
Асау Жүрек тулайды
Жаратқаннан күтіп нұр!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу