Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  98


Автор: Гүлсара Шалқар

Қарындасыңның хаты

Жан аға,
... Жүрегім − жапырақ сарғайған, қалтырап
аязға тоңады...
Тоғысқан тағдырды айырды тоқсан жол торабы.
Арманың шақырды Сені де, арманым шақырды
Мені де.
(Біздерге даңғыл жол жасауға уақыт пен
күш керек мол әлі.)
Көңілің әкетті Өзіңді, өмірім әкетті Өзімді:
Өзімді, мөп-мөлдір көзімді,
Өзіңе қарындас кезімді.
Өткенге көз тастап отырсам,
Мыңдаған азамат ішінен
Тек қана Өзіңнен шынайы
ағалық мейірді сезіндім.
Сан мәрте сағымды сындырып қатыгез
бұл өмір жылатты.
Жаралы жанымды ұғынып Сен ғана
жүректі жұбаттың.
Жат қала − жат орта, жат адам...
Қорғаным деуші едім Ағаны,
Қорғансыз қалды ма Қарындас?
Жауап бер, шынайы сұрақ бұл.
Көңілді өзгеше тербеген сүйкімді сыйластық
Қоштасу сағаты жеткенде сыйлады
кеудеме кимастық.
Сағыныш жайлапты санамды, қайтейін,
жаныма үңілсем:
Сағыныш, сағыныш, сағыныш!
Ақылға сыймас түк...
Жүрегім − жапырақ сарғайған, қалтырап
аязға тоңады,
Тоғысқан тағдырды айырды тоқсан жол торабы.
Бұл күні кетсеңде көзімнен, бәрібір
кетпейсің көңілден,
...Миллион ағалар болса да, мәртебең
бәрінен жоғары!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу