Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  111


Автор: Гүлсара Шалқар

Жоғалту

Анашым,
Бойымда қалыпты-ау балалық һәм кірсіз
бұрынғы ән,
Деп жүрсем, жүрегім − мұң толы кесе ғой
сырылған.
Асыр сап, ойнақтап, тентектік жасап ап аңдамай,
Қорқыныш билесе, талай рет бұрышқа тығылғам.
Ашуың қайтқан соң, жәудіреп келетін едім ғой,
Кешірім сұрамай, еркелей өбетін едім ғой.
Балалық санамда ақылдың аздығы сол кезде
Жаныңа батқанын білдірмей... көнетін едің ғой.
Таң қалам.
Таңданам.
Арада қанша жыл өтсе де,
Жасқа жас қоссам да, өзгермей қалыпты ештеңе.
…Сен сыйға тартқан ең.
Сол алтын сақина жоғалды −
Тоқтата алмадым жасымды жанардан кешке мен.
Сүйріктей саусаққа сән берген сақина елесін,
Еске ап жыладым, жаптымда есіктің шегесін.
Жүректі күйдірді саусақтан суырып ап берген
Жадыма оралып ап-анық өткен күн белесі.
«Мен берген сақина қайда?» деп сұраса,
не деймін?
«Жоғалттың, бұдан не пайда?» деп сұраса,
не деймін?
Ауылда жүрсең де, көзімнің алдына Сен келіп,
Бойымда барынша балалық үрейі көбейді...
Әңгіме өрбітсек,
Сақина жағдайын сұраушы ең.
(Балалық санамен сенімсіз жауапты
құраушы ем −
Жырыммен жүректі ақтарып саламын үнемі
Әйтпесе, сырымды мәңгіге айтпауға
шыдаушы ем)
Сыйыңмен бәріне сені көп мақтағым кеп еді,
Болашақ ұрпаққа көзіңдей сақтағым кеп еді.
«Артықтау нәпәқа таппақ боп шығып ем
бүгін мен
Алтынды жоғалттым. Айырбас сәт пе еді?»
деп едім.
Бір дауыс сөйледі:
«Жарайды. Айырбас болсын» деп.
«Бір жерде жатыр ол табасың жіберсем
жол сілтеп.
Сақина табылсын, анаңды жоғалтам бірақ та.
Керек пе?»
(Ол − Құдай дауысы)
Кеттім мен қол сілтеп...
Тентектеу мінезді (кешірші) бұдан соң жөндеймін.
(Әке мен шешеге тасбауыр балалар өнбейді!)
Сен үшін бір емес, мың емес, миллион, миллиард
Сақина садақа.
Мен сені жоғалтқым келмейді,
Мен сені жоғалтқым келмейді!
АНАШЫМ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу