Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  135


Автор: Гүлсара Шалқар

Шалқар шабыт жүрегіме қонақ боп...

Шалқар шабыт жүрегіме қонақ боп,
Көкейге кеп тоқтады.
Тілім − өткір, әрбір сөзім − орақ боп,
Тоқтатуға жоқ хәлім.
Тумай жатып шетінеген шарана,
Арзу айтып кетпейді ме әр үйге? –
Жыр-сәбиді өлтіруге бола ма?
Болмайды ғой, әрине.
Шайқап өтіп телегейлі теңізбен
Жүрегімді толқындатшы, шабытым.
Өлеңменен өмір бақи егіз ем,
Жалғыздық. Мен. Тағы Түн.
Алла маған ақындықты ұсынып,
Өмір − өлең − уақыт берді жолыма.
Өмір қалар жағдайымды түсініп,
Өлім келіп ерткен кезде соңына.
Қоғам іші − қап-қараңғы түнекте
Сұрақтарға жауап іздеп сандалсам −
Жанартаудай жарылып шық жүректен
Ей, Өлеңім, қу тірлікке алдансам...
Кесір көңіл − тесік қайық ұтылар,
Шабыт деген − шалқар теңіз шалқыма...
Қадірімнің қаншалықты құты бар,
Айтарымды айтпасам еш халқыма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу