Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  106


Автор: Гүлсара Шалқар

Бақыттың көз жасы

Мен бақыттан тым егіліп, тым езіліп
жылап тұрмын,
«Бақытымнан айырмашы ешқашан», − деп
сұрап тұрмын.
Жаратқаным жарылқаумен бақыт берді,
сынақ емес.
Жүрегімнен аққан жасты жасыра алмай
бұлақ қылдым:
Аға берсін!
Аға берсін!
Бақыт жасын жасырмаймын!
(Жегідей жеп жүруші еді санамдағы
масыл қайғы)
Жүректегі ақша бұлтты аспаным еш ашылмаса,
Жанардағы ақ жауынның төгілуі басылмайды.
Басылмасын!
Басылмасын!
Осы − менің қалауымда.
(Жүрегімде дұға деген желбіреулі жалауым бар)
Жазмыштың әр баспалдағы жақсылыққа
жетелеп жүр,
Тағдыр атты шығарманың жастық атты
тарауында.
Шүкір!
Шүкір!
Айтамын тек −
Сансыз шүкір Жаратқанға:
Ой-тұңғиық тамақтан ап, тұншықтырып
баратқанда,
«Құтқарушы бір Алла тек, қауқарсыздық
Адамға тән»,
Нұр жүзімді шын жүрекпен құбылаға
қаратқанға −
Мадақ!
Мадақ!
Сансыз мадақ Алла атына.
Тартынам ба?
Мадақтаусыз, шүкірліксіз шын мұсылман
шалқыған ба?
...Жаратқанға жақындаумен жай тауып жүр
бұл жүрегім,
Қоғам атты көпшіліктен алыстаған, жалқыланған.
Алыстағам,
Алыстаймын.
Ет үйренген бұл қылыққа:
Гүл – Сән
Адам емес, тек Алламен сырласуға ұмтылып қал.
(Есептеулі уақыт өтсе, Ажал келер айбаттанып)
Көңіл мәні − дұға, шүкір,
Өмір мәні − құлшылықта.
...Міне, тағы азан даусын, дұға сөзін
тыңдатып тұр,
Азан даусы: «Ақыретке дайындал» деп
үн қатып тұр.
Жауапты іс пен сауапты істі иығына
жүктейтін тек
Мұсылмандық − шын бақыт бұл!
Мұсылмандық − шын бақыт бұл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу