Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  122


Автор: Гүлсара Шалқар

Ұлтшыл болу

Ұлтшыл болу − сән емес,
Ұлтшыл болу − ауыр міндет, азап тым:
Ұлтшыл болу − қамын ойлау қазақтың.
Құлдық сана құрсаулаған қоғамда
Ұлттық сана ұялаған Азаттық.
Ұлтшыл болу − қадір тұту төл тілді.
Ұлтшыл болу − сақтап қалу өр ділді.
Өз мүддесін ойлап жүрген ортада
Ел мүддесін ескеретін Еркіндік.
Ұлтшыл болу − ел ісіне ептілік.
(Болмысыңды тәрбиелеу бекті ғып)
Тәуелділік тұсаулаған тобырда
Тәуелcіздік туын тіккен Тектілік.
Ұлтшыл болу − туысқандық, жегжаттық.
(Жұрағатта тәрбиелік, тек жатты!)
Шежіремен тарқатылған тарихы
Ақсүйектік, бекзадалық, бекзаттық.
Ұлтшыл болу − жүгі ауыр нар іс бұл.
Ұлтшыл болу − құны қымбат Ар іс бұл.
Құлдық дәстүр жасалынған жиында
Ұлттық дәстүр аңсайтұғын Намысшыл.
Ұлтшыл болу − өту уақыт-електен.
Ұлтшыл болу − салтты тану деректен.
Құлдық ойын қуыршағы − қоғамда
Ұлттық ойын өтуіне себепкер.
Ұлтшыл болу − тарихқа үлес қосқандық.
(Шайқастарда кең даланы жосқан кім?)
Ұрты үшін үздігетін ұйымда
Ұлты үшін үзілетін Бостандық...
Ұлтшыл болу − ойыңдағы Азаттық.
Ұлтшыл болу − бойыңдағы Озаттық.
Өзімшілдік сезімінен жоғары
Ұлтшылдық бұл − Қаныңдағы Қазақтық.
Ұлтшыл болу − ауыр міндет, азап тым...
Ұлтшыл болу − сәруәр-сәт, ғажап тым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу