Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  152


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Алакөл

Толқындары сырға тағып
Тудырады күй әсем!
Көз жауымды тұрмаса алып
Алакөлді сүймес ем.
Мінезі бар теңіздердің –
Көкшіл әлем, тентегім!
Жабырқасам сені іздедім,
Сені іздеген еркемін.
Шағала айтқан әнұраннан
Таулар жүр ме оянып?
Мен өзіңе қалдырам ән
Жатсын Күнге боялып.
Мені іздей ме аралдарың
Жататұғын асыр сап?
Көптен бері бара алмадым,
Кетпедің бе жатырқап...
«Ante Meridiem»
(2001ж.) жинағынан
Еліре соққан Ебі жел,
Екілен тағы, екілен!
Ез туған ұлға егесіп
Егізің болып кетіп ем...
Бөлтірік елім шығарып
Бөрілігін есінен
Қанымды менің қарайтса –
Қан майдан шығар несібем?
Еліре соққан Ебі жел,
Екілен тағы, екілен!
Емендей басы еңкеймес
Ертөстік елдің өкілі ем.
Кеудесін соққан кәпірің
Көп кете берсе бетімен
Көкпарға тартсақ болмас па,
Көнтулақ жасап етінен.
Еліре соққан Ебі жел,
Екілен тағы, екілен!
Ез туған ұлға егесіп,
Егізің болып кетіп ем...
Толағай туған ағалар
Тышқан боп кетсе шетінен
Есіріп шерін тарқатар –
Есер болуға бекінем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу