Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  89


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Боркемік бала...

Боркемік бала,
өртеніп кетті-ау өзегім,
Жалғаныңды енді
жаңғырық болып кеземін.
Қынаптан шыққан
қылыштай кенет жарқ етсем
Марқасқа туған
Махамбеттердің көзі едім!
Ызадан басқа
оята қойсын шер нені?!
Тулап бір кетем
алдымнан көрсем кермені.
Аруақты елдің
алысқан асау арманын
Тулақ етпеймін
тексіздеріне төрдегі!
Жалын жырыма
оюын салып зергер мұң,
Тағдырым талақ
тапқасын тағы тербелдім.
Ертеңі болсам
еңсесін төмен түсірмен
Ереуіл атқа
ер салмай өткен ерлердің!
Боркемік бала,
қылығың бүгін жат маған,
Қанатың қайда алтындай
Күнге қақтаған?..
Өзегімменен өртеніп тұрған
Ертеңге
Абылайлардың
Аруағыменен аттанам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу