Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  181


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Ауған десе тұманданып көз алдым...

Ауған десе тұманданып көз алдым,
Оқпандағы сыңар оқтай қажалдым.
От пен оқтың ортасында болмасам,
Бәлен-түген деп қалайша жазармын?
Мен олардай қысылған сәт хал нешік
Қоршау бұзып шыққаным жоқ қан кешіп.
Тым болмаса тәуекел деп көрмеппін
Өмірімде жалғыз Алла жар десіп.
Мен олардай жауырыннан қапқанда оқ
Сор топырақ сүйіп бір сәт жатқам жоқ.
Сөйте тұра қалай ғана айтамын
Кеудемдегі шер-шеменім батпан деп.
Қиянаттан қайыспаса қабырғам,
Cезінбесем миналарды жарылған.
Балаусаға қай бетіммен қараймын
Ауған жайлы шындық іздеп аңырған?
Сондықтан ба, қасіретті өз басым
Жалған айтпай жазса деймін жазғасын.
Қайта оятып беріш болған көз жасын,
Қайғыны да қорғасын-жыр қозғасын!
Болмағанды болды десең – сол обал,
Толмағанды толды десең – сол обал.
Қыршын ғұмыр көтермейді былшылды,
Тарихқа ешбір жүрмек емес жорамал!
Бейнет көрген десең кеуде гүлдесін,
Жүйелеп ал Сөзіңнің де жүлгесін.
Ымырасыз соғыс жайлы ындының
Сатқындарша сайқал сөйлеп жүрмесін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу