Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  87


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Көктөбе-2007

Батыр оғлан ойнап жүрген отпенен,
Неге маған ыстық сенің Көктөбең?
Неге оның артық бүгін кейпі-дүр
Ақпанда да көктеген..?
Жас үйірген жасылы –
Алматының ардағындай асылы
Көтерді бір дүр еткізіп еңсемді
Жаншып кеткен Жаһандану ғасыры.
Қамал салып кім көрінген, қағынған
Абырой мен кеткен кезде Ар ұлдан
Беу, баһадүр, Сен келдің де Алматы
Тәжін киді
Басы биттен арылған.
Ақпаны да тартып берген нау өрге
Бүгін мұнда ән де басқа, әуен де!
Асы менен
Көктөбенің тасы да
Тұрғаныңды сездіреді қай елде.
Қайсар рух қайтарғасын киесін
Енді оның шөңгесін де сүйесің!
Шәркез басты сыймай жүрген шаһарға
Шар төбеде иесің.
Көкіректе ыс қалмай,
Содан кейін кетесің бір ұсталмай –
Ән аңқыған шыттай мөлдір аспанда
Алаш жұртын
айнала ұшқан құстардай!
Беу, Көктөбе...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу