Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  85


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Менің бейнем өміріңізде бар күні...

Менің бейнем өміріңізде бар күні
Маған бекер жымиясыз, Тәңір, сіз.
Менің шимай-шатпағымның барлығы
Күнтізбенің беттеріндей қадірсіз.
Мансап қуып жүгіретін уақытта
Ессіз жандай қиял қудым қанатты.
Тағдырымды айырбастап табытқа,
Жүрегіме құя салдым шарапты.
Тәмам болып сал-серілеу ғұмырым,
Арғы бетте адасады ақыл да.
Жер бетінде жәндіктердің жыбырын
Көру қандай қиын еді ақынға!
Қасіреттер қабағымды тілгілеп,
Өктем болса көктемдерге гүл сіңді.
Менің жаным табиғаттай нұр тілеп,
Менің жаным табиғаттай күрсінді.
Менің бейнем өміріңізде бар күні
Маған бекер жымиясыз, Тәңір,сіз.
Қаралы күн ақындардың барлығы
Қара жерге жерленеді қабірсіз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу