Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  99


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Эгофобия

Байлық жимай, боқ теріп,
Бошалаған тамса мұң –
Өз-өзімді жек көріп,
Өз-өзімнен шаршадым!
Мендік ғұмыр темірдей
Дым сіңіріп, тат жеген –
Жаһұттары терілмей,
Жабылатын жақшамен.
Теңбіл доптай домалап,
Қошқыл тартса аспаным
Өз-өзімді табалап,
Өз-өзімнен қашқамын.
Күн түнеріп, түн ұлып,
Жалт ойнатқан сезім мың –
Өз-өзімнен түңіліп,
Өз-өзімнен безіндім!
Ебі желдей елірген
Жұмыр басты ие алмай...
Өтіп барам өмірден
Өз-өзіме сыя алмай




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу