Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  104


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Жазылар жырым, жұмбағым, періштем менің...

Жазылар жырым, жұмбағым, періштем менің,
Көзіңе көзім құласа теріс демегін.
Ғасырлар бойы талайды сарсаңға салған
Винчилік мынау жүзіңнен жеңіс көремін.
Ұға алмай жүрмін ұмытып ұйқыны қалың,
Италиялық қолдың нендейлік сиқыры барын.
Шебердің мыңдап жіберген меселін жығып
Кейпіңнен тағы тәкаппар күйді ұғамын.
Қарайсың солай жаныма жалын лақтырып...
Іздейді жылдар тұрғасын сәнің тақ құрып.
Бір сәтке қасың қағардай жақындайсың да,
Алыстап бірде кетесің жанымда-ақ тұрып.
Жазылар жырым, жұмбағым, періштем менің,
Қазақы қанды сырымды теріс демегін:
Қазақ қызының суретін сызбағаны үшін
Леонардоға бірақ, сөгіс беремін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу