Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  145


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Тектілік сүйер тамыры...

Тектілік сүйер тамыры,
Тағдыры тентек шынар шын,
Сені ойлап менің көңілім
Көгілдір ғана мұң алсын.
Жатыры жәлап жалғаннан
Баз кешіп бір сәт кеткенде
Өгейсітпеген жанымды
Сен де бір өлең шығарсың?!
Қас-қағым сәттік құдірет
Оянып енді кеткесін,
Серілеу менің сезімім
Ерніңнен сүймей кетпесін.
Жарасып тұрып жасынмен,
Жаңғыртып тағы кетейін
Сатыбалдиевтің мақамын,
Айжарықтардың төкпесін!
Дүр етіп ұшқан құстардай
Дір ете қалса қабағың,
Тәкаппар әлем татпаған
Тәңіри теңеу табамын.
Тулаған сайын анарың
Бұла түн болып қарадым,
Улаған сайын жанарың
Ұлы ақын болып барамын!
Тектілік сүйер тамыры,
Тағдыры тентек шынар шын,
Сен де әйтеу мендей мұңлықты
Табындыруға құмарсың.
Құбыласы түгел дүние
Талақ болатын бір күні
Өртеп бір кетер өзекті
Сен де бір өлең шығарсың?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу