Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  95


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Эмили Дикинсон

1
Ешкім емес, жай біреумін.
Сіз кімсіз?
Мендеймісіз
Түгі де жоқ қызғанар.
Олай болса,
Жүрейікші үн-түнсіз,
Біліп қалса
Сыйғызбайды бізді олар.
Бәленмін деу
Несі қызық, айнам-ау,
Есер емес,
Есті жанға түйсінген:
Ол да құдды бақа сынды
Қайталау
Өз есімін
Шалшық суға қи сіңген!
2
Білем, білем, білем әбден аршаны,
Білем және толқындарды ең ізгі
Болмасам да сай-салада аршалы,
Көрмесем де өмірімде теңізді.
Төбемізден төгіп тұрған тәмам нұр,
Құдай ақы, болмасам да онда да
Білем және бар екенін ғалам бір,
Құдды соған алғанымдай жолдама.


3
Теңіз сүйіп, қызғаныштан үзілем
Қонақ етсе ақпар-жақпар тау елі.
Оны айтасыз, қызғанамын ізінен
Күймелердің ол отырған әуелі.
Кезіктіріп жол-жөнекей, шалғайда
Мәз болысса жасамыс пен жас қалмай.
Жалғыз мендік бұйырмады маңдайға
Оны көру– жеті қат көк аспандай!
Қызғанамын ұясынан құстардың,
Сол үйдегі шыбынға да қызығып.
Жапырақ та болуға әзір құштармын
Әйнегінде би билейтін сызылып.
Шіркін деймін, сәт туар ма біздерге
Бас айналар дәл осындай бақытқа –
Ала алмайтын Писарроның жүз жерден
Баға жетпес сырғаларын сатып та.
Күн шықты деп оятатын әр таңда
Жарықтан да қызғанамын ерікті –
Күн орнына күн бола алар жалғанда
Көзайым жан тұрған кезде көрікті.
Дегенменен сезімге де дір еткен
Шектеу қойып, жұма салдым көзімді.
Құрдым дейтін мәңгі бақи түнектен
Жебірейіл мен аяғасын өзімді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу