Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  81


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Еңселі ғимарат ішіндегі ой

Дау-дамай,
көрмеген дабыр да,
Бұл неткен бақытты қабырға!
Оюы сергітіп ойыңды,
Бояуы шақырған сабырға.
Жай тауып, алмайтын тобыр дем
Дәліз де шаттыққа көмілген.
Бәрі де орнында...
Тек өзім
өз орнын таппаған өмірден.
Кез-келген бермейтін сірә, мән
Аспалы шамы да тұр аман.
Біртүрлі
Сәуле де сүйкімді
Әдемі әйнектен құлаған.
Ұмытып ақ пенен қараны
Жүрегің жыларман болады.
Көңілің басқа емес,
басқыш қып
тастаған тасқа да толады.
Керме де,
төгілген перде де,
Өзінше бір асқақ,
өр неге?..
Осынша көзайым болатын
бір тылсым
бөлмеден бөлмеге
көшеді...көрсетпей көшені,
Көрсетпей сорыңды бес елі.
Бірауық өзіңмен өзің қап,
Бірауық мерейің өседі.
Жатпайтын беріп те
сірә, мән
Осы бір тыныштық тұр аман:
Жай тауып даңғаза тірліктен
Жаныма араша сұраған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу