Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  113


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Ұсынбаңдаршы гүл маған тамырын қиып...

Ұсынбаңдаршы гүл маған тамырын қиып,
Жансыз денемен болмайды қабірім биік.
Тірі гүлдердің жер бетін сағынғанда бір
Табандарынан жатайын ақырын сүйіп.
Отырғызыңдаршы гүл бәрің қас-қағым термен,
Бір өмір мен де гүл болып бастағым келген!
Бір демің барда білмесең құнын тірліктің
Гүл біткеннің де сезесің асқағын көрден.
Жан-жақтан сұрақ жауғанда негелеп қалың,
Жетімек ойды кетесің егелеп бәрің.
Ұмытпаңдаршы алайда гүлдерді тірі,
Гүлдерді тірі қалайды көбелек жаным.
Тартпасын тағы десеңдер ақын ұл күйік,
Ұсынбаңдаршы гүл маған тамырын қиып.
Тірі гүлдердің жер бетін сағынғанда бір
Табандарынан жатайын ақырын сүйіп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу