Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  125


Автор: Несіпбек Айтұлы

Отан туралы ой

Мари ақыны Сергей Чавайннан


Ұмытам қалай мен сені,
Бесігім – туған мекенім?
Өзіңсің өмір өлшемі,
Өзің деп қана өтемін.
Жазған соң тағдыр маңдайға,
Қайғының дәмін татамын.
Қамығып қазір шалғайда
Сен жайлы ойға батамын.
Көзімді мәңгі жұмғанша,
Көркіңді сенің қия алман.
Араға салып жыл қанша,
Қайтамын саған қияннан.
Өзіңнен, сірә, бар ма асыл,
Кезсем де шексіз ғаламды?
Жібектей жұмсақ, жап-жасыл
Шарлаймын тағы далаңды.
Билейді мені көргенде,
Шалғының баяу сыбырлап.
Тулайды шаттық кеудемде,
Иіскесем қолға гүліңді ап.
Іздерім жайнап қайтадан,
Жатады таныс бақтарда.
Жастығым сонда айтады ән,
Бұлбұлдай сайрап ақ таңда.
Балалық шаққа оралып,
Жалтылдап айдай орағым,
Шұғыласын көктің оранып,
Қайтадан егін орамын.
Ғайып боп мынау сұрқай күн,
Жанса үміт арман әніндей.
Жаныммен сонда шырқаймын,
Бидайдың алтын дәніндей.
Сарғайдым әбден сағынып,
Уа, менің туған мекенім.
Іштегі дерттен арылып,
Қойныңа қашан жетемін?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу