Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  272


Автор: Несіпбек Айтұлы

Өлген қыздың монологі

Түрік ақыны Назым Хикметтен


Ашыңыздар,
Ашыңыздар, мен келем!
Әр есікті қағып шығам – сенделем.
Көрінбеймін көздеріңе бірақ та,
Көру қиын – өйткені мен өлген ем.
Хиросима құрбанымын кешегі,
Мені тоспас, жылдар жылжып көшеді.
Жетіде едім, қалдым жеті жасымда,
Өлген сәби қалай ғана өседі?
Жалын тілі жалмады да шашымды,
Қара түнек көзіме кеп басылды.
Лезде күл боп шыға келдім бір уыс,
Күлді сосын жел әкетті – жасырды.
Жапырақтай өртке жанған балақан,
Тәтті сұрап, жаймас енді алақан.
Өмір үшін зар қағамын өлсем де,
Менің рухым – шырылдаған балапан.
О, адамзат, келісімге келіңдер,
Тыныштыққа төрден орын беріңдер!
Менен кейін өртке бала жанбасын,
Құрғамасын балдан сәби-еріндер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу