Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  117


Автор: Несіпбек Айтұлы

Мұқиятқа

Сағыныш ұялатқан ішіңе мұң,
Жаныңды түсінемін, түсінемін.
Құлындай үйірінен бөлек кеткен,
Сен мені көре сала кісінедің.
Байқашы, сен де қасқа, мен де қасқа,
Бұртиып бетке біткен мең де басқа.
Танылмай топ ішінен тұра алмайды,
Қасқа боп жаралған соң пенде баста.
Бұйырған оқшау тағдыр қасқаларға,
Қайтеміз айта беріп басқаларға.
Қия алмай туған жермен қоштасқанбыз,
Тамшылап көздің жасы тостағанға.
Таң атса өмір өтер күн кешкіріп,
Қайғы мен қуанышты мінгестіріп.
Жүресің әр күн сайын мен көрмеген
Текестің тауларымен тілдестіріп.
Күрсініп, кісінеме, қасқа құлын,
Білемін қасқалардың басқалығын.
Бетінде піскен сүттің қаймақ болсаң,
Мен оның түбіндегі қаспағымын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу