Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  103


Автор: Несіпбек Айтұлы

Келгендер біле жүрсін

Айтыппыз дастарханға көп тілекті,
Талай той, талай думан өтті-кетті.
Жастықта бабалардың жолыменен
Жастанып таң атырдық ақ білекті.
Толқындай жар кемірген шайқап ағып,
Өтерін дүниенің байқамадық.
Інілер ізімізден қалмасын деп,
Көргенді ағалардан қайталадық.
Тимесе қысылғанда елге себі,
Аз күнгі зая кетер пенде есебі.
Бетімен қара жердің әлі талай
Тау бұзып, тасты жарып сел көшеді.
Түбінде су ағады, тас қалады,
Тұрады мың құбылып аспан әлі.
Қазақтың тал бесігі аман болса,
Тербетер әлі талай жас баланы.
Түссе де ауыр тірлік басқа қандай,
Бірлігі біздің елдің тас қамалдай.
Жерінен айырылған жұрттар қанша,
Жанарын жаспен жуып тостағандай.
Келгендер біле жүрсін жер кімдікі,
Кең байтақ атамекен – елдің құты.
Қорғаны бола алмаса ел мен жердің,
Бес тиын талтаңдаған ердің бұты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу