Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  104


Автор: Несіпбек Айтұлы

Мұңды да ая

Тілегім ақтық өзіңнен сұрар,
Көңілім, тоқта, тоятта.
Талығып келіп көз ілген шығар,
Ұйықтасын, мұңды оятпа!
Бере ме Тәңір тілегін әр күн,
Болғанмен пенде жылауық.
Сағыныш буып жүдеді, бәлкім,
Мұңды да ая бір ауық.
Өзіне тиіп өзінің еркі,
Тынықсын түн де мүлгіген.
Саябыр тапсын сезімнің дерті
Жүректің ішін үңгіген.
Меселі қайтып, сынбасын сағы,
Қадірін білу керек қой.
Оянып кетіп жүрмесін тағы,
Әлдиле оны бөбектей.
Жанымды сол ғой жегідей жейтін
Қуалап жүріп түбінде.
Дертімді кім бар менің емдейтін
Өзіңнен басқа бүгінде?
Ырқыма көнген не қыл десем де,
Қиямын кімге жақсымды?
Мазасыз көңіл, дамылда сен де,
Қуыра бермей апшымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу