Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  78


Автор: Несіпбек Айтұлы

Екі туып келмейсің

Дүние сыры бір ғана Құдайға анық,
Түн айналып келеді, күн айналып.
Қайта тұнар тасыған асау өзен
Арнасынан шалқыған ылайланып.
Жыл құстарын шұбыртып жылап кеткен,
Көктем қайтып келеді шуақ төккен.
Қайталанар өмірде барлығы да,
Еш нәрсе жоқ мәңгілік тұрақ тепкен.
Қайталанар жаз бен күз кезегімен,
Қаһарлы қыс қар бүркіп өзегінен.
Қуаныш та, қайғы да сан тосады
Тар соқпақты тағдырдың кезеңінен.
Тіршіліктің тірегі – адамдықта,
Қайталанар жақсылық, жамандық та.
Сатқындық пен қастықтан көз ашпайсың,
Дос ниеті бұрылса арамдыққа.
Барлығы да кісінің пейілінде,
Қайталанар өмірдің тойы күнде.
Ұшқан бақыт басыңнан қайта қонар,
Жүрегіңді толтырып мейірімге.
Шуақ түсіп тұрғанда көктен жерге,
Қайта келер өкпелеп кеткендер де.
Қайта жібір көңілің тас боп қатқан,
Не табасың жақынды жек көргенде?
Қайда қашып ортадан кетем дейсің,
Атажұрттың төсінде мекендейсің.
Қайталанбас өмірде өзің ғана
Екі туып келмейсің, екі өлмейсің?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу