Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  103


Автор: Несіпбек Айтұлы

Өліара

Қайдасың сен, дірілдеген аппақ сүттей ай нұры,
Алтын сәулең неге аспанның аясынан айныды?
Кең жаһанға шырақ жаққан ажарыңнан адасып,
Қараңғылық кұшағында калған дүние қайғылы.
Су иесі Сүлеймендей тілін білген құстардың,
Ей, сырлы арай, сеніменен сөйлесуге құштармын.
Мың құбылып ойнап тұрған дидарыңның сағымын,
Қуаласам, уа, дариға, қайтып қана ұстармын?
Сен қайтадан оралғанша тұңғиықтың түбінен,
Сығырайған соқыр аспан талықсиды түнімен.
Өзің жоқта жұлдыздар да емін-еркін әндетіп,
Ғарыш төрі жырлап жатыр ғашықтардың тілімен.
Зарықтырмай, зәру қылмай беріп кетсең сәулеңнен,
Құтылар ем өліарада көз байлаған әуреңнен.
Мәңгі-бақи жұмылмайтын түн жанары болсамшы,
Тас түнектен шыққан сайын жүзіңді аман-сау көрген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу