Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  112


Автор: Несіпбек Айтұлы

Ақырғы ақын мен емес

Думан қудым, той-тойлап арақ іштім,
Айбақ-сайбақ артымда аламыш күн.
Құр қалардай өңмеңдеп өндіршегім,
Сағымменен сандалған сан алыстым.
Арпалысып жүргенде жын ұрғандай,
Қарқынына ілесіп қара күштің,
Тұратынын білмеппін титтей ғұмыр,
Қалт-құлт етіп ұшында тарамыстың.
Тоя білмей, япыр-ау, іше білмей,
Байғұс, жүрек, орынсыз күшедім бе, ей?
Қағып қалсаң дың етер тозған жүйке,
Жіңішкерген домбыра ішегіндей.
Бір үзілсе жіп емес жалғанатын,
Қорқытады қатерлі мүшелімдей.
Мен кеткенмен табиғат бермес шырай,
Мың түрленер, құлпырар алғашқыдай.
Опырылмас өзегі темір емес,
Адам өлер, тек қана өлмес құдай.
Тілегіңді Тәңірі бере бермес,
Келе бермес бәйгеден кербесті ұдай.
Мәңгілікті адамзат арман еткен,
Ақырғы ақын мен емес зарлап өткен.
Салса құрық жететін құдық емес,
Дүниенің түбіне бар ма жеткен?
Алыс-жұлыс, жанталас бір тіршілік,
Тіс-тырнағы ғасырдың қанға бөккен.
Араласып тартыстың додасына,
Қарамаппын жөні мен жобасына.
Атымды айдап аласа, тар қақпаға,
Соққы тиді арбамның доғасына.
Өгіз жексем жүрер ме ем аман-есен,
Кіріп алып күйсейтін қорасына.
Үріккен қойдай көп тобыр қараған ба,
Көзден аққан жалқының сорасына?
Жетелесе жезөкше бұлдыр елес,
Мәжіндейсің сау да емес, жынды да емес.
Келер күннің әлпетін тану қиын,
Дүниенің бет-жүзі күлді-көмеш.
Бая-аяғы бейнеттің бір бұл емес,
Бір теріде кім толып, кім жүдемес?
Жығылғанда жаныңда жақын қалар,
Жан досыңның жүрегі зақымдалар.
Ит көтінен ине алған арсыз жалған,
Өз саудасы жүргенге мақұл болар.
Саңырау да меңіреу жалғыз мешкей,
Жұтқан сайын бәтшағар батылданар.
Өңі жылы өмірдің жүз дегенмен,
Қызық қымбат үйің мен түзде көрген.
Быж-тыж болған моншақтай, мөлдір күндер,
Қай қуыстан табамын іздегенмен.
Көктемеден үмітті үзбегенмен,
Кім көріпті жыл құсын күзде келген?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу