Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  137


Автор: Несіпбек Айтұлы

Бір құдайға белгілі

Залалы жоқ иненің жасуындай,
Заман қайда тауымның асуындай.
Суыртпақтап сұрасаң тарқатайын,
Жасырып ем сырымды жасырудай.
Мыжып бақтым мен-дағы миғұладай,
Мұжылсам да арқардың асығындай.
Ашыла алмай, айғайлап ашына алмай,
Іштен тындым, іркіт боп ашығандай.
Тырнап-тырнап еппенен айтып көрдім,
Жауыр аттың арқасын қасығандай.
Қитығына тигенде қипақтадым,
Қызған темір бетіме басылардай.
Құлақ кесті құлындай күн көрістің,
Делқұлымен еріксіз сыр бөлістім.
Көріп тұрып көлденең түсе алмадым,
Зорлығына жуасты жүндегіштің.
Алтын сандық айнала көшіп жүрді,
Кілті болса билік пен кімде күштің.
Алқымымнан алса да ауыз бақтым,
Ашуымды төзімге бауыздаттым.
Сүтке тиген мысықтай сыртқа тепсе,
Таңдайыма қара су тамызбақ кім?
Үрген қарын секілді күндер кештім,
Іліп қойған өтіне аңызғақтың.
Жалтақ мінез жігітке жараса ма,
Қалтырадым қайтейін қарашада.
Жүген-ноқта басымнан түсер емес,
Сен келмесең, жас ұрпақ, арашаға.
Қымыз қайдан болады, қыза-қыза,
Күрпілдеттік су толған қара саба.
Алтын тақ боп көрініп қара тақтай,
Әркім өзін сезінді Бонапарттай.
Шилі болған арқасы заман шұбар
Шоқтығына шоршыды қол апартпай.
Әкімдері қазақтың көлеңкелеп,
Ақындары қаңғыды пана таппай.
Байқайсың ба сөзімнің басқа түсі,
Жақсыларға жоқ бірақ еш қатысы.
Қара тасқа өткен бе шапқан қылыш,
Қайыршыда кеткен бе патша ақысы?
Арыстан да азуын жасырмай ма,
Қапияда қағылса қасқа тісі.
Осы менің жай-күйім келсе білгің,
Күйбең тірлік-қуаты жансебілдің.
Өзгені емес алдымен өзін ұғар,
Көкейіне әуенім енсе кімнің.
Жақтырмаған жайына жүре берсін,
Бір құдайға белгілі қанша егілдім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу