Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  102


Автор: Несіпбек Айтұлы

Аузыңа ит тебеді

Отты сөз өзек жарған тіл қарымас,
Ақыным, әр қиырға ұрма құлаш.
Қайтесің қу жаныңды қажай беріп,
Көк дөнен – көңіл, шіркін, күнде арымас.
Әу баста пешенеге жазбаған соң,
Алтынға бөлесе де құл жарымас.
Бұйырған тауқыметтен мойын бұрмас,
Илеуге көніп біткен былғары бас.
Жабырқап жаратқанға қойма кінә,
Жетесің жоқшылықтың қай жағына.
Жаяулап жүгіргенмен діңкең құрыр,
Азаптың ат шаптырым аймағына.
Неңді алған көш түзетіп, керуен тартқан,
Жүгің жоқ артар қотыр тайлағыңа.
Тәубе қыл, таудай тасты көтерсең де,
Тобықтай тамағыңның тоймағына.
Қырсықса, қара тышқан қожа болар,
Қақпақсыз қазандағы қаймағыңа.
Болған жоқ биылғы зар былтырдан кем,
Аузыңа ит сариды ұмтылғанмен.
Қыл тұзақ жібермейді қылқынғанмен,
Жұлының үзіледі жұлқынғанмен.
Аспанға шілдің боғы шырқап шықты,
Қолыңа қарға тышпас құр тұрғанмен.
Жұтса да жұмыр жерді жұғын көрмес,
Дүниеде нәрсе бар ма құлқыннан кең?
Түссе де төбесінен құлап аспан,
Өлген бе торғай барда жылан аштан?
Өзегі қасқырдың да тала қоймас,
Жымып кеп, қой шетінен жұла қашқан.
Қылтиса қызыл сирақ жұт төбесі,
Күңіренген ақынға кім құлақ асқан?
Дөңге алып шыға алмайды желгенменен,
Көтерем астымдағы құла қасқам.
Түрінен тіксінесің мына күннің,
Тірсегін бұралқыдай бұра басқан.
Алдында ағайынның торығасың,
Есігін туған елдің жылап ашқан.
Табылмас аузын бүрген ала қоржын,
Арқасы алты қырлы бұл Алаштан.
Шашылған құмалақтай сай-салада,
Қазақтың күні ұқсайды бейшараға.
Сорының сорпасынан сораптайды,
Солқылдап салмақ түссе ой-санаға.
Сабында саптыаяқтың – сары сайтан,
Безбүйрек бүлкілдейді тойса ғана.
Ібіліс елді ірітіп, жер шірітіп,
Шаптырар мамығыңа, майсаңа да.
Жоқтауы жеті өмірге жетерліктей,
Дауыс сап, қара шашын жайса дала...
Егілме енді ақыным, сен де аялда,
Кім білсін қиқымет тұр қандай алда?
Дөй-дала қаңғып кетпей, аңдып сөйле,
Орынсыз орғи бермес ор қоян да.
Бәрібір шіркей шаққан құрлы болмас,
Шекесі шегірендей көп жоянға.
Билігім жүретіні – жалғыз қалам,
Салатын мен жұмсасам жорға-аяңға.
Тапсырам тағдырыңды ақ қағазға,
Растап айтқаныңды, қол қоям да...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу