Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  113


Автор: Несіпбек Айтұлы

Мен байқұсты мүсіркесе

Бар қазаққа жөн сілтейтін болмасам да ұлы Абай,
Анда-санда шолтаң қағып, сөйлеп қоям шыдамай.
Үрей толы сұрқай тірлік басқан сайын аяқты,
Шошытады қарақшы мен ұры бұққан жырадай.
Белге шығып, кең көсіліп отыратын қайғысыз,
Қайда ғасыр айран-асыр, алағай да бұлағай?
Көз көрген соң күңіренемін, тіл берген соң айтамын,
Мұң тербеген алып бесік – мынау, ұлы байтағым.
Талқандайтын дәрменім жоқ жын ойнақтың ұясын,
Бақсы емеспін бәлекеттің қағып алар сайтанын.
Уа, Жасаған, қоржынымның түбін қағып босаған,
Шулы өмірдің базарынан мен де сырғып қайтамын.
Бұра тартып бұлқынғанда қайда қашып құтылам,
Әзірейіл құрық салса, асау тайдай тұтылам.
Кім жұтпайды алдыңғылар шөлін мәңгі қандырған,
Сиқыр дүние қолындағы у құйылған құтыдан.
Сапар шексең арманың не салт бас, сабау қамшылы,
Құдай елді аман қылсын қызыл-қырғын жұтынан.
Қимағанмен қу жаныңды, аңдып жүрген аңшы бар,
Шіреп тартқан сүр жебе де бір күн келіп шаншылар.
Тағдырымның нәзік қылы - әлсіз жүрек тамырым,
Мен байқұсты мүсіркесе, мұрша беріп, сәл шыдар.
Найзағайдың оты ойнаса жиі-жиі төбемде,
Жай тартқыштай маңдайыма жазылғаны сол шығар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу