Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  81


Автор: Несіпбек Айтұлы

Күн астында сауғала

Ей, тізгінсіз арпалысқан дүлей, мылқау, тасқындар,
Шырт ұйқыдан шошынғандай қайда тулап қаштыңдар?
Мөңкігенмен, жөңкігенмен барар жерің белгілі,
Байқасаңшы, байқұстар-ау, жұтып қояр аш құмдар.
Толқындарды топырлатып үйіргенмен қамшыңды,
Мына жалған сенен гөрі алымды да аршынды.
Қара күшке малданғанша, ойлап өлмес күніңді,
Кепкен талдың тамырына тапсырып кет тамшыңды.
Өлмес өмір алмасудан, жалғасудан басталар,
Қылайғанды қырып-жойған өзі де жер жастанар.
Аспанға атып қойдай тасты, арсы-гүрсің шыққанмен,
Жеме-жемге келген кезде су сарқылып, тас қалар.
Таудан төмен түскен сайын асау арын басылар,
Айдалада иранбақтың қақпасы жоқ ашылар.
Тажалды да жалмайтұғын әзірейіл табылар,
Ажал іздеп жүрген бұқа арыстанды басынар.
Алқын-жұлқын аласұрмай аяғыңды аңдып бас,
Қара жартас – қапас тағдыр қасіретіңді мәңгі ұқпас.
Сен сүйгенмен, сайқал заман сені сүйіп мандытпас,
Адасқанды түпсіз дүние қай тарапқа қаңғытпас.
Мұхит толқып, теңіз шалқып, сел-дария тасып та,
Кең жаһанды жаба алмаған топан суы басып та.
Құдіреттің ашып-жұмған алақаны тарылса,
Аймақтай көл сиып кетер оймақтай-ақ қасыққа.
Пәни бетін теріс бұрса, бақи кейпін танытпас,
Су иесі Сүлеймен де жарылқамас, жарытпас.
Қырсық шалған бұл ғаламда Тәңірі ғана тарықпас,
Қырық жылғы қырғын келсе, қайда қалмас ғарып бас.
Түн-түнекке түскеніңше күн астында сауғала,
Сандаласың аз ғұмырды салғанменен саудаға.
Жын ұрғандай зым-зия боп жоғалғанша жым-жылас,
Тірлігіңді түгендеп қой, бүлк етіп бір ауна да...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу