Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  124


Автор: Несіпбек Айтұлы

Жұрағатым ит қосады

Мен емеспін елден ерек сүйген құлы Алланың,
Өмір өзі есептейді бергені мен алағанын.
Аузымды ашып аңырғанмен аспан жақтан түк түспес,
Саясында жатқан жоқпын мәулеген алманың.
Несібемді теріп жеймін арқа етімді арса ғып,
Төккен терім жыртық үйден саулағандай тамшы ағып.
Жұрағатым ит қосады қорасына кіргендей,
Көшесімен өте шықсам салдыр-гүлдір жар салып.
Діні басқа әңгүдіктер дігір салып түнімен,
Мылтық атса мыңқ етпейді құлағының түбінен.
Үйде – қасқыр, түзде – мысық, қайран замандастарым,
Жан шошиды екі жүзді тірлігіңнің түрінен.
Қанды жыртқыш өз етіне өз тырнағын батырмас,
Тартып жейді басқаныкін, өлсе де нәр татырмас.
Екі етегі далақтаған, алақтаған, ел-жұртым,
Айдалаға шаба бермей, қабырғаңмен ақылдас.
Құрсағыңды ойлай отыр кірсең қысыр кеңеске,
Бір түйір дән үлкен олжа түскен қызыл өңешке.
Аспан ашық, жер қарада тұяғын да серпе алмай,
Бұл қазақтың тең жартысы аштан өлді емес пе?
Алай-дүлей жел тұрмаса тіккен қосың құлар ма,
Суға кетсең, салындыдай сансыратар мың арна.
Таласам деп тостағанның түбіндегі жұғынға,
Кеше көрген құқайыңды бүгін естен шығарма!
Өңіріміз өрім-өрім, жайлау бірақ жағамыз,
Көк тиынға татымайды базардағы бағамыз.
Анда-санда қысылғанда түсімізге кіреді,
Жортуылда жарты құртты бөліп жеген бабамыз.
Бағы ашылмас байқұс қана бас көтермес қуыстан,
Қыңқ етпейді шылбыр ұшы шығып кетсін уыстан.
Орта көңіл тоғаймайды, томпаймаса қоржының,
Қарап жатпай қамданып қал, қаны бірге туысқан.
Киіз бассаң, сырмағыңның мен де отырам шетіне,
Шытырманды шешпей-ақ қой, екіні қос екіге.
Күнім түсіп, қайыр тілеп, алақаным жайғам жоқ,
Жақындасам жатырқама, безірейме бетіме.
Ішің мұздап, сыртың маған сыр білдірмей күлсе де,
Көз алартып қызықпаймын қолыңдағы күлшеңе.
Сен тұрғанда кімге барам, соны берсең жетеді –
Есігімнің топсасына керек боп тұр бір шеге?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу