Аңыздар ✍️

  20.05.2022
  527


Автор: Бейбіт Қойшыбаев

Балуан Шолақ туралы АҢЫЗ-ҒҰМЫР

Жастайынан жұрт назарына ілігіп, есімі шартарапқа жайылған қазақтың атақты ұлы Балуан Шолақ дүниеге келгелі бір жарым ғасыр болды. Жауырыны жерге тимеген палуан, ауыр салмақ көтеріп өнер көрсеткен алып күш иесі, ат құлағында ойнаған, шауып келе жатқан ат үстінде күрделі цирктік көріністер жасай беретін, ат ойынының түрлі тəсілін меңгерген спортшы-өнерпаз. Жəне адуынды ақын, ғаламат əнші-сазгер. Сегіз қырлы, бір сырлы тарлан. Оның аты көзі тірісінде-ақ аңызға айналған еді. Бір басындағы осынша өнер түрін ол жігіт шағынан қатар дамытып, ерен қабілетімен жұрт көзіне ерте түсті. Əуелде қара күшімен, белдесіп күресудегі шеберлігімен та- нылды. Сосын əн шырқауға құмарлығын көрсетті. Одан салдық құрып, ел аралады. Қасына қилы өнер дарыған талантты жастарды жинады. Сөйтіп, əнші, күйші, палуандар тобымен ауылдан ауылға ауысып, сауық-сайран жасап жүруді дəстүрге айналдырды.


Оның күреске он төрт жасынан түсіп, небір алып қарсыластарын


жығып жүргенін, шауып келе жатқан жүйрік ат үстінде шалқалап жататынын, ер үстінде түрегеп тұрып, немесе аяғын көкке көтеріп төбесімен тұрған қалпы шабатынын, жүйткіген аттың біресе оң жағынан, біресе сол жағынан жерге түсіп, қайта мінетінін, ат ба- уырынан жеңіл айналып өтетінін жұрт тамсана əңгімелейтін. Оның цирк өнеріне тəн спортшылық ептілікті шебер игергендігімен қоса, бойындағы күштің жойқындығын неше түрлі амал-тəсілмен көрсететіні, елу бір пұт кір тасын көтергені, орыстың əйгілі кəсіби палуаны Кореньді (өз айтуында – Каронды) жығуы мысал етілетін. Ол Көкше алқабының дүлдүлдері Біржан сал мен Ақан серіні ұстаз тұтты. Олардың əндерін нəшіне келтіре орындады. Өзі де өлең, əн шығарып, əуелете шырқады. Оның даңқы Көкшетау өңірінен асып, күллі қазақ өлкесіне тарады. Шартарапта барша жұрт оны құрметтеп қарсы алып, төбесіне көтерді. Өнеріне сүйсінді. Көргендерін, естіген-білгендерін аңыз етіп айтып, ауыздан-ауызға жеткізді. Сөйтіп, ол көзі тірісінде-ақ аңызға айналды.


Оның  шын  аты  Нұрмағамбет  болатын.  Баймырза  баласы


Нұрмағамбет. Балалық шағында бір оқыс оқиғаға ұшыраған екен. Құрбыларымен алау басында арқан тарту ойынын ойнап жүрген-


 


де, арқанның екінші ұшынан тырмысатартысып тұрған құрбыларына бір өзі дес бермей, қарсыласып, арқанды қатты жұлқып қалғанда бар екпінімен отқа құлап, бір қолының саусақтарын күйдіріп алған көрінеді. Күйген қолы көпке дейін жазыла қоймай, шаруаның бəрін бір қолымен істеуге мəжбүр болған. Сонысына қарап балалар оны Шолақ деп атап кетеді. Ал одан көп ұзамай, белдескен теңдесінің бəрін, тіпті өзінен үлкен жігіттерді де күресте емін-еркін жығып көзге түскенінде, əуелде құрбы-құрдастары, сосын ересек əлеумет те əлгі атауға Балуан деген анықтаманы қосып айтатын болған. Сөйтіп, Нұрмағамбет Баймырзаұлы осылай, замандастарының ау- зымен, жас шағынан-ақ Балуан Шолақ атанып кетіпті. Бір аңыз бо- йынша, ол бозбала шағында ересек ағайынымен бірге тау етегінен қанат жайған базарға келеді. Əлдебір жаршы қатты айқайға ба- сып, өзі арнайы ертіп əкелген орыс палуанымен күресуге тəуекел ететін талапкерлерді шақырып жатқан. Бəске бір қойдың құны – бір сом тігіледі. Шолақ ойланып жатпастан ортаға ұмтылады. Бірақ палуанның алдына жете бере киімінің етегіне шалынысып құлап түседі. Сөйтіп, күреспестен ұтылады. Намыстанып, ертеңіне тағы келеді. Сонда оны мұқатпақ болған палуан бəс мөлшерін күрт сегіз сомға көтереді. Бала оған тоқтамай, шапанын шешіп тастап, белде- суге шығады. Шығады да, палуанды лезде жерге алып ұрады. Жұрт риза болып шу ете түседі, шапан үстіне ақшаны үйіп тастайды. Со- дан, базарға шартараптан келген көпшіліктің арқасында, Балуан Шолақтың даңқы қырды жайлап кетеді...


Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы 1864 жылы туған.


Алғашқы ресми анықтамалықта (Қазақ совет энциклопедия- сы, 2-т., 1973, 140-б.) еліміздің оңтүстік өңірінде – қазіргі Жам- был облысы аумағындағы Хан тауының маңында дүниеге келді деп көрсетілген екен. Алайда бірқатар зерттеушілер (Е. Мырзах- метов, З. Қоспақов, Ж. Бектұров, Б. Қыдырбекұлы) 1998 жылы жарық көрген «Балуан Шолақ» жинағына (құрастырған С. Оспа- нов) енген жұмыстарында бұл деректің жаңсақтығын дəлелдейді. Көзкөргендердің естеліктеріне сүйене отырып, нақты дəйектер келтіріп, оның Сарыарқа тумасы екенін əңгімелейді. Мəселен, жа- зушы Жайық Бектұров: «Балуан Шолақ өлгенде біз сегіз-тоғыздағы естияр баламыз. Ауыл арасы жақын. Шолақтың есімі де, ат үстіндегі тұлғалы елесі де біздің көзімізге, көкірегімізге ерте қонған» дейді. Оның жазуынша, Балуан Шолақ Ақмола облысының Макин (бүгінгі Бұланды) ауданы аумағында туып-өскен. Бурабай мен Ақкөл ара- сында ертеде Үйсін, Жағалбайлы, Жалайыр, Алшын, Естек ауыл- дары болған. Солардың ішіндегі Үйсін ауылы Елтай теміржол


 


стансасы сыртындағы Тастыөзек деген шұрайлы қойнаудан орын тепкен. Балуан Шолақтың атамекені – сол. Кезінде кіндігі кесілген, шаңырағы орналасқан орынға кейін Қызыл кордон селосы салынған көрінеді. Дегенмен «қарағайлы, қайыңды орман, бұлақты өзек қойнауындағы» Балуан Шолақ туып-өскен «ауылдың орны, көңі əлі күнгі көп төмпеш болып сайрап тұр». Балуан Шолаққа туыс болып келетін нағашы атасының əңгімелерін жазушы Естай Мырзахметов еске алады. Көптен естіп-білгендерінің жоғарыдағы пікірге саятын негізгі арқауын алға тартады. «Балуан Шолақ атына бала жасымнан құлағым қанығып та, сол бір қызыл нардың əруағына тəңірдей табы- нып та өскен жанның бірімін», – дей келе, өзінің көп жəйтке жаста- йынан куə боп өскендігін көрсетеді. Əулеттік естеліктерді келтіреді, белгілі зерттеушілердің қателескен тұстарын дəлелді сынға алады. Жетісуға келген сапарында Балуан Шолақты көрген адамдардың əңгімелерін жазушы Балғабек Қыдырбекұлы жас кезінде көп тыңдаған екен. Сондағы естігендерін шежіре деректерімен бай- ланыстыра отырып, Балуан Шолақтың бабаларының «Арқаға Шу бойынан көшкенін», ал «онда туған төртінші ұрпақ» Шөкең екенін айтады. Балуан Шолақ «Көкше баурында дүниеге келген» дейді ол сенімді түрде. Бұған бұлтартпас дəлел ретінде ақын-сазгер-əншінің өз сырына – Жетісуда қалған өлеңіне сілтеме жасайды. Сондағы:


«Қотыр-Шортан мен туған – жердің құты» деген жол Шолақтың


кіндік қаны қайда тамғанын анық көрсетеді...


Осындай дəйек-дəлелдер нəтижесінде болар, 1999 жылы шық- қан «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында (2-т., 128-б.) Балуан Шолақтың туған жері Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы деп түзетілген. Сонымен, Балуан Шолақтың туып-өскен өңірі – Арқа, Көкше аймағы. Бұл жаққа аталары оңтүстіктен бірер ғасырдай ілгеріде көшіп келген. Əкесі Баймырза өз төңірегіне танымал ағаш шебері болыпты. Тапсырыс берушілерге шаруашылықта, тұрмыста қолданылатын түрлі жабдық, құрал-сайман, бұйымдар жасап беру- мен шұғылданса керек. Шешесі Қалампыр үй шаруасымен, бала тəрбиесімен айналысқан, əйел болғанмен, ерге бергісіз күші бар қарулы кісі екен. Балуан Шолақтың теңдессіз күш иесі болуы осы- нау анасына тартқандығынан деседі.


Жоғарыда айтқанымыздай, азан шақырып қойылған есімімен Нұрмағамбет аталып жүрген жеткіншек кезінде-ақ оның есімі ел ау- зына палуан ретінде ілігеді. Өйткені өз қатары түгіл, жиырмалардағы жігіттерді де күресте жығып кете берген. Палуандығына қосым- ша, ат үстінде цирк ойыншыларынша өнер көрсететіні де жұртты разы ететін. Мəселен, шауып бара жатқан атқа тұра ұмтылып,


 


көз ілеспес жылдамдықпен мініп алатын да, ат үстінде түрегеліп, қаққан қазықтай қадалып тұра қалатын. Шапқан беті аттың бауы- рынан айналып, алқымын орап өтетін. Аңыз-əңгімелердің бірінде Балуан Шолақтың қалың топ алдында өзіндік бір өнер көрсеткені баяндалады. Шабандоз атпен шауып келе жатқан бойы үстіндегі сырт киімін шешіп, жан-жағына лақтырады екен. Сосын айылды ағытып, астындағы ер-тоқымды жерге тастайды. Сөйтіп, жайдақ ат- пен шапқан бойда топ алдына келеді де, кері бұрылады. Əлгінде əр жерге шашып кеткен əбзелдерді іліп алып, шауып келе жатқан беті атын ерттейді, киімдерін жинастырып, ат үстінде киінеді...


Балуан Шолақ дала жұртын осындай ептіліктерімен таңғал- дырған. Оларының үстіне, əн-күйге деген құштарлығы да ерте оянуы себепті, əншілігімен де тез танылды. Ол даңқтары жалпақ ел-жұртқа кең жайылған жерлестері Біржан сал, Ақан сері іспетті жарық жұлдыздардың əндерін бабына келтіріп, тамылжыта орын- дауымен көпшілік көңілінен шыққан екен. Яғни əнші ретінде де халықты жастайынан аузына қаратқан. Ол осындай, бір бойына бірнеше өнерді жинақтаған талант ретінде танылады. Сан қырлы дарыны дами келе, қасына кілең өзіндей өнерпаз жастарды топ- тастырып, бейне бір ансамбль іспетті өнер көрсетеді. Ауылдарды ұжым боп аралап, думандатып, ойын-сауық жасауды əдетке айнал- дырады. Өзінің сауықшыл жігіттерімен бірге ел ішіне жиі шығады. Əн-күйді шалқытып, Сарыарқа төсінде сал-серілерше сайрандай- ды. Қараөткел, Көкшетау, Қарқаралы, Баянауыл, Семей өңірлерін, Сарысу бойын мекендеген ауылдарды аралап, əн шырқайды, өнер көрсетеді. Барған аймақтарында жергілікті небір өнер адамдарымен танысып, шығармашылық жəне орындаушылық жетістіктерінің қыр-сырларымен бөліседі.


Ол Арқа өнерпаздарының қалың жұртшылықтың ыстық сүйіс-


пеншілігіне бөленген əншілік-шығармашылық дəстүрлерін берік ұстанды. Біржан мен Ақан секілді аға ұрпақ əндерінің үздік орындаушысы, тиісінше теңдессіз насихатшысы болды. Əрі, ел қадірлеген ақын-сазгерлердің əндерін əнші ретінде сүйіп орындау- мен шектелмей, өз жанынан да өлеңдер мен əндер шығарып айта бастайды.  Оның  «Көкшетау»,  «Желдірме»,  «Ащылы  айырық»,


«Дікілдек», «Қос перне», «Құлан кісінес», т.б. көптеген əндері Арқа өңіріне кеңінен тарап кетеді. Халық Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығын ыстық ықыласпен қабыл алады. Өйткені оның əндерінің əуезі өзгеше еді, оның əндерінің өзегінен автордың өзінің асқан зор күшін, қайратын, батылдығын паш ететін жігерлі сарын, құштарлық лебі есетін. Сондықтан да өршілдік танытатын əуеннен


 


түзілген бұл əндер тыңдаушысын бірден елең еткізіп, тез баурап алатын еді.


Өмірінің елеулі кезең-белестерін Балуан Шолақ əрдайым əндеріне қосып отырған. Солардың ішінде өзінің күш-қуатын мақтан ететін тұстар да бар. Бұл ретте үлкен жиында 816 килограмм салмақ көтеріп («Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім елу бір пұт кірдің тасын») жұртты таңырқатқаны жəне бəс тігіп – өз жа- нынан үлкен қаржы шығарып – орыстың əйгілі палуанын жыққаны («Қалтамнан жетпіс бес сом залог салып, Сындырдым Карон бал- уан қабырғасын») көбірек айтылады. Зерттеушілер бұл оқиға 1899 жылы орын алды деп есептейді. Балуан Шолақ орыс палуаны Иван Кореньмен белдескенінде 35 жаста еді деп түйеді. Ықтимал. Де- генмен ақын-сазгердің бір өлеңінде («Балуан Шолақтың əні», 4-ші түрі) өзінің мақтан сөздерін: «Бұл күнде жиырмада менің жасым, Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын», – деп бастап, жырын одан əрі қарай əлгі жоғарыда келтірілген жолдармен шумақтайтыны да бар. Егер аталмыш зілмауыр тасты көтеруі мен атақты палуанмен күреске түсуі, сол əнінде айтқанындай, 20 жасында орын алған болса, онда бұл оқиға 1884, яки 1885 жылға сəйкес келеді. Осы жылдардың бірінде оның елді таңырқатарлықтай күш-қуат көрсетіп қалуы ғажап емес.


Ел аузындағы əңгімелерде Балуан Шолақ «Сағынайдың асын-


да ешкім беттей алмаған Түйе палуанды жыққан» деген мəлімет айтылады. Мұны бертінгі зерттеушілердің қисынсыз деп білетіні де мəлім. Өйткені ол кезде Шолақ тым жас деген уəж келтіріледі. Алайда «шығыны Тəж-Маһал құрылысына жұмсалған қаржыға парапар болған» деп дəріптелетін əйгілі ас 1886 жылы берілген болса, бұл уақытта Шолақ 22 жаста ғой. Яғни нағыз күші тасып тұрған шағында деп санауға əбден болатын жаста. Əрі, оның өз əндеріндегі сыр шашуларына сүйенсек, жойқын күшке жаста- йынан ие екендігін ол жоғарыдағыдан басқа өлеңдерінде де ай- тады. Мəселен, «Дікілдекте»: «Он сегізде атандым Шолақ дəу деп   Оязнайдың бас қосқан съезінде Кірдің тасын көтердім елу


бір пұт», – деген сөздерді əнге қосып шырқайтыны бар емес пе. Алайда қосымша дəлеліміз жоқ болуы себепті, біз мұны – «Карон балуан» екеуінің күрескен уақытын 1884 жылға қарай жылжы- туды – жорамал қалпы қалдырамыз...


Балуан Шолақтың өгізді көтеріп жүре беретіндігі, жеті жасар бұқаны сұлатқаны, жəрмеңкелерде өнер көрсеткенде жиырма жігіт жабысқан бөренені иығына асып тұратыны туралы, т.с.с. деректер ауызша əңгімелерде, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып


 


жүрген мақалаларда жиі айтылады. Жетісуда болған сапарында салмағы 1050 кило тартатын зілмауыр тасты көтерген көрінеді. Əлемдік өрмектор желілерінде, сондай-ақ «Омбы қаласындағы тақ мұрагерінің (яғни болашақ ІІ Николайдың) келуіне байланыс- ты өткен жарыстарда белгілі палуан Севрдің жауырынын жер- ге тигізді» (http://ru.wikipedia.org/wiki/Балуан_Шолак) деген ха- бар да бар. Соңғы дерек Балуан Шолақтың өзінің поэзиялық мұрасындағы: «Омбыға патша келді Руссия, Əмірін айта келді халқын жия. Сібірден сонда күшім асып кетіп, Мен болдым жан шықпайтын биік қия», – делінетін шумақта көрініс тапқан. Википе- дия ақпаратына қарағанда, Балуан Шолақпен күрескен палуанның есімі – Севр, ал əнші-ақынның «ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындарының шығармалар жинағында» (1963) жарияланған атал- мыш өлеңінде бұл есім Сібір деп аталған (дегенмен өлеңнің Ах- мет Жұбанов белгілі зерттеу мақаласында («Замана бұлбұлдары», 1963) келтіретін нұсқасында – Севр). Тағы бір айта кететін жəйт, сол өлеңнің «Сібірден сонда күшім асып кетіп, Мен болдым жан шықпайтын биік қия» деген жолдарына жітірек зер салар болсақ, аңғаратынымыз – Шолақ Сібір-Севрмен күрескеннен гөрі, басқаша жолмен күш сынасқан сыңайлы. Бірақ, қалай болғанда да, Балуан Шолақтың болашақ ІІ Николай патша Омбы қаласына келген та- рихи күндерде сайысқа түскені, əрі, кіммен болса да, спорттың қай түрінен сынасса да, жеңіс шыңына көтерілгені айқын. Ендеше, палуанымыздың даңқын асырған сонау сайыстың өткен мерзімін де дəлірек атауға болады...


Европа ақсүйектері балаларының білім алу кезеңін қорытын-


дылау мақсатымен оларға міндетті түрде «гран-тур – үлкен саяхат» жасататын. Осы үлгі бойынша тұңғыш рет император ІІІ Петр мен оның зайыбы, болашақ патшайым ІІ Екатеринаның баласы цесаре- вич Павел (тақта отырған қысқа мерзімі ішінде қазақтарға Еділ мен Жайық арасындағы байырғы қонысына қайта оралуға рұқсат беріп үлгерген кəдімгі І Павел патша) Европа елдерін бір жылдан астам уақыт бойы аралап, ұзақ сапар шекті. Бұл саяхат 1782 жылы болған- ды. Содан бастап орыс патшалығында тақ мұрагерлерінің бəрін, түрлі ғылым негіздерін оқып-білуді тамамдағаннан соң, арнайы ұзақ саяхатқа шығарып алу дəстүрі қалыптасқан еді. Ол негізінен екі түрлі бағдарламамен жасалатын: бірінде – империяның өз ішінде үлкен саяхат жасау, екіншісінде – Европаны аралау көзделетін. Осы тəртіп І Павелден ІІІ Александрға дейін бұлжытпай орындалып келе жатқан. Бірақ бұл жолы оған өзгеріс енгізілді. Император ІІІ Александр өзінің мұрагер баласы цесаревич Николай үшін мүлдем


 


өзгеше, өте ұлан-ғайыр, əдеттегі екі түрлі саяхатты біріктіретін, теңізбен де, құрлықпен де сапар шегетін – іс жүзінде бірнеше құрлықты айналып шығатын, сан алуан елді аралайтын үлкен турне жоспарлатты. Империяның биік шенді шонжарлары 22 жасар Нико- лай Александрұлы шекпек сапардың бағыт-бағдарын бүге-шігесіне дейін ойластырып, мұқият дайындады.


Жолға тақ мұрагерімен бірге биліктің жоғарғы эшелонындағы аса жауапты, өте ықпалды чиновниктер шықты. Олардың сая- хаты тоғыз айдан астам уақытқа созылды. (Шежірешілерінің есептеуінше, осы уақыт ішінде 51 мың шақырым, яғни жер шарын айналып өтетін қашықтықтан да көп жол жүріліпті. Саяхатшы- лар оның 15 мыңын теміржолмен, 5 мыңын пəуескемен, қалғанын кеме үстінде өткізген: 9 мыңнан астамын өзендер бойымен, 22 мыңдайын теңіздермен жүзген екен). Саяхатқа толық мəніндегі дипломатиялық, яки ресми сипат берілген жоқ. Цесаревич Нико- лай əлдебір маңызды қағаздарға қол қоюға немесе экономикалық байланыстар орнатуға өкілетті емес болатын. Оның жекелеген мемлекеттердің билеушілерімен кездесуі жалпы танысудан аспай- тын рəуіште ғана өтті. Салтанатты қабылдаулар сыйлықтар алма- сумен аяқталып жатты. Тақ мұрагерінің алдына тақау жылдарда Ре- сей мүддесі үшін тығыз байланыс жасау көзделіп тұрған Шығысты тікелей көріп-білу мақсаты ғана қойылғандықтан, осындай шара- лар жеткілікті еді. Болашақ патша осынау ұзақ сапарына Санкт- Петербургтен 1890 жылғы қазан айының басында шыққан-ды. Вар- шава, Вена арқылы Триест портына келіп кемеге отырып, Адриат теңізімен, Жерорта теңізімен, Суэц каналымен жүзді. Австрия, Италия, Грекия, Ежелгі Мысыр ескерткіштерін көрді. Бомбейге жүзіп жетті де, құрлыққа түсіп, Үндістанды аралады. Цейлоннан өтіп, Сингапур арқылы Бангкокқа барды. Қытайға тоқтады. Ақыры, орыс флотының алты кемесі жан-жағынан қаумалай жүзіп ортасына алған фрегатпен 1891 жылғы сəуірдің 15-ші жұлдызында Жапония- ға келді. Осы елде цесаревичке қастандық жасалды. 27-ші сəуірде. 40 шақты пəуеске Оцу қаласының адамдарға лық толы көшесімен баяу қозғалып келе жатқан шақта. Сол кезде көшедегі тəртіпті сақтауға жауапты полицейлердің бірі ұзын самурай семсерімен орыс тағының мұрагерін екі рет басынан соғып үлгереді. Қылмыскер, əрине, тез залалсыздандырылған.


Осы жағымсыз оқиғаға байланысты, жарақат жеңіл болғанмен,


сапар бағдарламасына өзгеріс енгізіледі. Өйткені жағдайды естіген ІІІ Александр патша Санкт-Петербургтен жеделхат жолдап, бала- сының шұғыл кері оралуын талап етеді. Сондықтан мұрагер Жа-


 


понияда болу мерзімін қысқартады. 23 жасқа толған туған күнін 6 мамырда фрегат үстінде атап өтеді де, артынша желкен көтеріп Владивостокқа беттейді. Құрлыққа аяғы ілінісімен Ұлы Сібір теміржолының құрылысын бастау рəсіміне қатысады. Сосын сая- хатын Қиыр Шығыстан бермен жалғастырады. Том, Тобыл, Сур- гутта болады. Ақыры, Омбыға келеді. 1891 жылдың 14 шілдесінде. Белгіленген мерзімнен бір апта бұрын. Тиісінше, патшазаданың келу құрметіне алдын ала жоспарланған көл-көсір мерекелік іс шаралары – солардың ішінде қазақ халқының тыныс-тіршілігін көрсетуді көздеген көрме-ауылдың ашылуы да, Балуан Шолақ сайысқа түсетін спорт жарысы да – жоғары мəртебелі мейманды қарсы алу мейрамына əлдеқашан əзір халықтың қуанышына орай, сонша уақыт ерте басталады.


Бұл кезде Дала генерал-губернаторлығының құрамына Ақмола,


Семей, Жетісу облыстары кіретін еді. Генерал-губернаторлықтың басқармасы жыл басынан бері патшазаданы қарсы алуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан. Алдын ала əзірленудің нəтижесі сол, қазақтың көкірегі ашық игі жақсылары өлкенің шартарабынан жаз шыққалы уəлаят астанасына арнайы керуендер жөнелтіп, Ертістің Омбыға дейінгі жоғарғы ағысының сол жағасына айрықша ауыл қондырған-ды. (Дала өлкесіне патшазаданың келуі нақ патшаның өзі келгенге барабар еді. Мұны Балуан Шолақ өлеңіндегі: «Омбыға патша келді Руссия, Əмірін айта келді халқын жия», – деген жолдар анық аңғартады.) Сөйтіп, сонау əдейілеп тігілген үйлерде уəлаятта өмір сүріп жатқан қазақ халқының тұрмысын, тыныс-тіршілігін, жер-су байлығын, кəсібін, мəдениетін жан-жақты көрсетуді мақсат ететін көрмелер жайған. Не керек, мерекелік рухта безендірілген ауыл үйлері патша баласы келерден екі апта бұрын, шілде айының басында-ақ көздің жауын алатын сəн-салтанатымен жарасымды сап түзеп үлгерген. Сол күндерден-ақ Балуан Шолақ пен оның ансамблі сынды жан-жақтан бас қосқан өнерпаздар тамылжыған əн-күй, жыр, билерін шалқытып, мерекелі ауылдың ажарын аша түскен. Яғни мейрамды цесаревичтің саяхат кестесінің өзгеруіне орай ерте- рек бастап жіберуге олар əзір болатын.


Өлке қазақтарының осынау көрме-ауылына тақ мұрагері Ом-


быға ат басын тіреген күннің ертеңіне – 1891 жылғы 15 шілдеде – Ертіс айдынын кербез сызған «Николай» откемесімен түс əлетінде жүзіп келді. Биік мəртебелі мейман мен оның қасындағы уəлаят ұлықтарын жағаға жиналған жұрт шат көңілмен қарсы алды. Көп аялдамай, орыс қаруының күшіне мойынсұнған, орыс туы астын- да  өмір  сүруге  көндіккен  көшпенді  жұрттың  хал-жағдайымен


 


ақ патшаның арда ұлын таныстыруды көздейтін көрмені тама- шалау басталып кетті. Цесаревич Николай Александрұлы əуелі оң жақта дара тігілген зəулім үйге кірді. Бұл үйдің иесі Ақмола үйезінің дəулетті қазағы, содан бес-алты жыл ғана ілгеріде шартарапқа сауын айтып, əкесі Сағынайға аста-төк ас берген Нұрмұхамед Сағынайұлы болатын. Тысы түрлі түсті шұғамен ою- лап безендірілген, іші əсем ою-өрнекке тұнған, қымбат жібек, дүрия маталармен əшекейленген еңселі киіз үй. Кереге бастарына, адалбақандарға ерлер мен əйелдердің қымбат та құнды киімдері, түрлі үлгідегі тондар мен ішіктер айнала ілінген. Оң қапталға ат- лас шымылдық құрылған. Ішінен сəнді жабдығымен жасаулы ағаш төсек көрінеді. Босағаға тақау тұстан қымыз толы саба мен əсем нақышталған ағаш ыдыс-аяқ тобы көзге түседі. Жоғары мəртебелі мейман кіріп келгенде, үй ішіндегі малынып киінген сəукелелі жас келін қасындағы түрлі кесте, іс тігіп отырған құрбы қыздарымен бірге орындарынан тұрып, өз рəсімдеріне сəйкес тағзым қылып ізет көрсетті. Сосын киіз үйдің ішкі жиһазы мен жағдайы таныстырыл- ды. Мұрагер риза болып, дəулетті қазақ шаруашылығының, қазақы тұрмыс ахуалының өзге көріністерін тамашаламаққа, нөкерлерімен бірге сыртқа беттеді. Сыртта оған құрт, ірімшік қайнату, тері өңдеу, ысталған теріден ыдыс жасау, шикізаттарды дайындау үдерістері, өрмек тоқитын, түйе жүнінен шекпен, қап, ерлердің киімдерін тігетін құрал-жабдықтардың жұмысы көрсетілді. Одан соң патша- зада сауыншылардың қасына барып, қойдың, биенің, түйенің қалай сауылатынын жақыннан қарап көрді. Соның бəрін ықыласпен назар- лады, ризашылық білдірді, қазақтың мұндай дəулетінің арта түсуін тілейтінін айтты. Содан кейін Атбасар үйезінің қазағы Мейрам Жанайдарұлының зəулім үйіне бас сұқты. Ол алғаш рет осы жерге 1868 жылы үй тіккен еді. ІІ Александр патшаның баласы ұлы князь Владимир Александрұлының Сібіргекелуқуанышына орай жасалған халық мерекесі кезінде. Оның он екі қанат, керегесі ойылып, терезе салынған ғаламат ақ ордасы сонда патша баласын да, этнографтар- ды да таң-тамаша қалдырған-тын. Енді, міне, содан 23 жыл өткенде, жаңа мұрагер құрметіне тағы да бір еңселі үй тігіп отыр. Əсемдікке малынған бұл ақ орда да сыртқы, ішкі жабдықтарымен, жайылған көрмесімен ерекше көз тартатын. Үйдің ішіндегі көрмеде ежелгі қазақ киім-кешек түрлері, киіз үйдің үш түрлі (бірі сұр шұғадан, басқасы жұқа ақ киізден, кереге, уық, шаңырағы, күллі сүйегі түгел ұқыппен істелген) шағын модель-нұсқасы жəне бұрынғы заман- ғы қару-жарақтар бар еді. Олардың ішінен батырлардың темір са- уыттарын, темір белбеулерін, дулығаларын, қалқандарын, байырғы


 


найзаларын, қылыштарын, садақтары мен жебелерін көруге бола- тын. Сондай-ақ көрмеден қымбат бағалы көне ер-тоқымдар барша жабдықтарымен, ежелгі киіз қалпақтар, ерте уақыттардағы кіселер, тағы басқа көнеліктер орын тепкен-тін.


Мейрам Жанайдарұлының əкесі Жанайдар Орынбайұлы 1837– 1847 жылдарғы ұлт-азаттық қозғалысында Кенесары ханның бас батырларының бiрi болған адам еді. Көтеріліс басылғаннан кейін отарлық ахуалға мойынсұнып, шаруашылығын түзеуді қолға алған. Баласын орыс билігінің талаптарымен санаса отырып тəрбиеледі. Тиісінше, Мейрам мұсылманша да, орысша да сауатты болды. Қазақтың дəстүрлі қожалығын ұтымды жүргізіп, үлкен байлыққа жетті. Ұлттық мəдениеттің озық үлгілерін тұтынды. Патшалықтың жергілікті əкімшілігі тұтқаларының біріне айналды – болыс бол- ды, үйез бастығының көмекшісі боп істеді. Ал саяси сана оянған жылдары Алаш қозғалысына қатысты. Қозғалыс шыңы ретінде бой көтерген Алашорданың алғашқы мүшелерінің бірі болды. Бірақ бұған əлі көп бар. Əуелі бүгінгі мұрагер таққа отырып, ІІ Николайға айналу керек, одан тақтан құлауға тиіс, сөйтіп, қара халық алды- нан небір жаңа саяси мүмкіндіктер ашылуға керек. Ал қазір ол, болашақ император ІІ Николай, əзірге тақ мұрагері, ІІІ Александр патшаның ғылым негіздерін былтыр ғана оқып тауысқан, со- сын теңіздер мен мұхиттар, өзендер айдындарында жүзіп, бөтен құрлықтарға барған, шетелдерді аралаған, одан өз еліне Қиыр Шығыстан Санкт-Петербургке қарай үлкен саяхат жасап келе жатқан жиырма үш жасар баласы, империяның дала уəлаятындағы Атбасар үйезінің байы тіккен киіз үй ішіндегі көне жəдігерлерді тамашалауда. Көрмемен танысу кезінде патша əулетінің тікелей қатысы көрініп тұрған бір экспонатқа ол ерекше қызыға қарады. Бұл айрықша қастерлеп қойылған тарихи ескерткіш – императри- ца ІІ Екатеринаның 1782 жылғы 27 мамырда Орта жүз ханы етіп атақты Абылай ханның ұлы Уəлиді бекіткенінде оған жіберген сый- сияпаты еді. Сусар ішік, зерлі қамқа белбеу жəне үлкен асыл тастар орнатылып əшекейленген қылыш. Қылыштың құрыш жүзіне алтын əріптермен ұлы патшайымның арнауы жазылған. Не ойлағанын кім білсін, бəлкім, орыс империясының Ұлы даланы алып жатқан қазақ елін бағыныштысы етіп, əуелі протекторатына айналдыру, одан патшалықтың əкімшілік бөліністерін енгізу арқылы мемлекеттігін мүлдем жою кезеңдерін еске түсірді ме, əйтеуір, жəдігерге ойға бата біраз қарап тұрды да, қазақтардың патшайым сыйын қастерлеп ұстап тұрғанына разы көңілмен басын изеп, келесі үйге ауысты.


Омбы үйезінің Шарлық болысынан əкелініп тігілген үйде дəулетті  қазақ  отбасының  тұрмысы  бейнеленген  еді.  Киіз  үй


 


ортасындағы үстелдерде құрметті қонаққа тартылар дəмді ет тағамдары, қымыз, бауырсақ, ірімшік, құрт, дастарқан мəзірінің өзге де ұлттық жеңсік астары қойылған. Ал керегелерді жағалай – іштеріне түрлі көркем дүние-мүлік салулы əдемі сандықтар тізілген. Солардың бəрі жайында биік мейман мен қасындағы оның шашба- уын көтерген ұлықтарға танымды түсінік берілді. Олар үй ішіндегі заттарды мұқият қарап болып, келесі үйге барды. Қызылжар үйезінен əкелінген бұл шаңырақтан қонақтар қазақтың аң аулауда қолданатын білтелі, шақпақты мылтық, қақпан, тұзақ сынды құрал- жабдықтарын, томаға кигізілген бүркіттер мен қаршығаларды, байлаулы тазыларды, сондай-ақ кереге бастарында ілулі тұрған ба- рыс, сілеусін, түлкі, арқар, марал, қасқыр секілді өзге де аңдардың терілерін көрді. Осы үйде құрылған өрмекте қолөнерші қыз тықыр кілем тоқып отыр еді. Тағы бір ісмер əйел матадан ою ойып, оны сырмаққа жапсырып тігумен, енді біреулері баулар мен шашақтар жасаумен шұғылданып отырған. Қазақ қолөнер шеберлерінің үлкен бір тобы – ағаш, темір ұсталары, жезшілер, күмісшілер – келесі үйде орналасқан-тын. Осынау ісмерлердің кейбірі өздерінің жасаған бұйымдарын патшазадаға сый етіп тартты. Алтыншы үйді өмірден жас кеткен атақты оқымысты жəне саяхатшы Шоқанның əкесі полковник Шыңғыс Уəлиханұлы тіккізген еді. Осынау тари- хи көрме үшін əдейі Көкшетау үйезінен əкелткен болатын. Мұнда жиналған өнерпаздар империя тағының мұрагері патшазада Ни- колайды шаттық ескен əн-күймен қарсы алды. Балуан Шолақ пен оның ансамблінің мүшелері, өзге де домбырашылар, қобызшылар құйқылжытқан əуендерді мұрагер сүйсіне тыңдап тұрды. Ол со- дан соң кедей қазақтың тұрмысын көруге ниет қылды. Жұпыны үй-жайды, босағада жалғыз ешкі байланған жүдеу шаруашылықты ойлы жүзбен назарлады. Байлардың көз сүйсінтер салтанатынан кейін қарашаның баспанасына кіріп-шығуды қалаған патшазаданың бұл ықыласы жұртты қайран етті, əрі риза да қылды. Ал қоңырқай үйіне осынау биік қонақтың бас сұғуы кедейді шексіз бақытқа бөледі.


Патшазада одан əрі өлкедегі білім, ғылым жетістіктерін көр-


сететін көрмелер қойылған киіз үйлерді аралап кетті. Содан соң қазақ көшін көрді. Бұлықсыған бай көшті де, оның соңындағы бар дүниесі жаңғыз сықырлауық арбаға сыйып кеткен жарлы көшін де тамашалады. Cосын көрмедегі ең үлкен жəне мейлінше сəнді жабдықталған киіз үйге кірді. Бұл үйді тіккен Семей үйезіндегі Сейтен болысының басқарушысы Темірғали Нұрекенұлы еді. Қазір барша жұрт қадірлеп тұрған осынау мұрагердің таққа отыру əрі не-


 


кеге тұру құрметіне 1995 жылдың басында империя астанасында өтетін салтанатқа қатысатын, одан, 1907 жылы Екінші Мемлекеттік думаға Семей облысынан депутат болатын, Дума жұмысы кезінде белгілі қайраткер Бақытжан Қаратаевтың басшылығымен, өзге облыстардан сайланатын депутаттармен бірге, қазақтың жер-су мүддесін қорғау мақсатымен патша үкіметінің лауазымды төрелері алдына баратын кəдімгі Темірғали болыс. Мұның бəрі келешекте болады. Ал қазір оның арнайы жасауланған салтанатты үйінде сол болашақ патшаға əр аймақ өкілдері сый-сияпат тапсырмақ...


Рəсім ойдағыдай өтеді. Тақ мұрагеріне барша жабдығымен қаракесек, сибан үлгілерімен күмістеліп соғылған ер-тоқымдар, сабы күмістен жасалған айбалта, күміспен нақышталған жима- лы адалбақандар, бетін сүйектен оюлап бедерлеген ағаш төсек, күмістеліп əшекейленген кісе, ағаш сабының ішіне болат қанжар орнатылған айбалта, жас барыстың, жолбарыстың терілері, сон- дай-ақ үйретілген қаршыға сыйға тартылады. Болашақ патша сыйлықтарды қабыл алып тұрып, қайсысының қай жерде қан- дай шебердің қолымен жасалғанын, жыртқыштардың қайдан ауланғанын, құстың қалай бапталғанын əуестене сұрайды. Риза- шылығын білдіреді...


Ұмытылмастай əсер қалдырған төрт-бес сағат зу етіп өте шықты. Ақыры, күллі көрме-ауыл адамдары жоғары мəртебелі мейманды зор қошеметпен аппақ откемеге шығарып салған. Кетер алдында цесаревич Николай шын жүректен қарсы алып көрсеткен ыстық қабылдаулары үшін қазақ халқының осы ауылда жиналған өкілдеріне алғыс айтты. Бұл 1891 жылдың 15 шілдесі күнгі сағат бес шамасы еді. Откеме Ертіс айдынының ортасына жете бере кері ай- налып, Омбы шаһарына қарай бет түзеді. Патша баласына қошемет көрсеткен қазақ қауымы жағада кеме ұзап кеткенше қол бұлғап, шын риза, шаттанған көңілмен, уралаған айқайға басып тұрды. Сосын олар да көліктеріне мініп, Омбыдағы атшабарды бетке ұстады. Омбы ипподромының кіреберісінде биік мəртебелі мейман үшін гүлмен көмкеріліп өрнектелген «Қош келдіңіз!» деген жазу көз тартады. Жасыл алқаптың жиектері жалаулармен безендірілген. Басты мінбе мен оның қос қапталы ығы-жығы құжынаған жұрт. Жарияланған есептерге қарағанда, өлкенің əр аймағынан келген бəйгеге ат қосушылардың тілектестері, күллі салт атты, арба-пəуескелі, жаяу- жалпы жанкүйерлер бар, ат жарысқа ұзын саны бес мыңнан астам көрермен жиналған. Сағат жетіде патшазада мен нөкерлері мінген пəуескелер керуені келді. Содан кейін-ақ көп кешікпей бəйге бас- талды. Бəйге мұрагерге қырда мекендейтін көшпенді халықтың


 


байлығының басты саласы жылқы екенін танытты. Оның қалауына сəйкес, аттар он шақырымға жəне үш шақырымға шабудан бəсекеге түскен. Жарыс оған дала төсінде қалың қазақ өмір сүретінін жəне олардың ат құлағында ойнайтынын анық көрсетті. Он шақырымдық аламан бəйгеге шыққан отыз үш аттың 27-сі қазақтардікі, екеуін казак-орыстар, үшеуін қала тұрғындары, біреуін татар қосқан еді. Белгіленген үш жүлденің үшеуі де қазақ сəйгүліктеріне тиді. Оның ішінде бірінші орынды, яғни бас бəйгені жəне үшінші орынды Мей- рам Жанайдарұлының, екінші орынды Мұстафа Жəнібекұлының ат- тары алды. Үш шақырымға 21 ат шапқан, оның 14-і қазақтардікі еді, мұнда алғашқы екі орынды Омбы казак-орысы мен көпесі иеленді. Сөреге үшінші болып Əли Құлшынбаевтың аты келді. Бас бəйгеге патша атынан шынжыр баулы алтын сағат берілді. Жүлдегер болған аттарда шапқан шабандоз жеткіншектерді тақ мұрагері бір-бір ал- тын теңгемен (құны екі жарым сомдық полуимпериалмен) тікелей өзі марапаттады. Балалар бұған шексіз шаттанып, айтып-жеткізгісіз қуанышқа бөленді.


Не керек, патшазада атшабысқа, бəйге нəтижелеріне разылық


білдірді. Атжарыс жанкүйелері қауымының уəлаяттағы жылқы бағу тəжірибесін баяндап, соңғы бес жылдағы ат жарыстары жайында тасқа басып берген есебін қабыл алып, жақсы ұйымдастырылған, көрермендерге зор лəззат берген жарыс көріністері үшін алғыс айт- ты. Ол өзін бүгін əр қырынан сүйсіндірген «бұратаналардың» тағы бір тобымен тоғыз күннен кейін, 24 шілдеде, Ор қаласына келгенінде кездеседі. Сол күні кешке қарай Торғай облысының Елек үйезіне барады. Оған қазақтар əсем əбзелді тамаша тұлпар мінгізеді. Со- сын түйе жарысын тамашалатып, мұрагерді бұрын-соңды көрмеген ерен қызыққа кенелтеді. Бірақ мұның бəрі оның қазақ жерінде көргендеріне экзотикалық қосымша ғана сияқты еді. Ол негізінен бұл жалпақ та төрт түлікке бай өлкеде орыс қаруының айбыны асқанын көзімен көріп, сүйсініп қайтты. Саяхат мақсаты соны көздейтін. Мəселен, Омбы тек Дала уəлаятының ғана емес, Сібірлік казачество əскерінің де астанасы еді. Дала генерал-губернаторы атаман лауазымымен бұл құрылымды да басқаратын. Сондықтан да Дала генерал-губернаторының əкімшілігі тақ мұрагерін күллі халық боп шаттанған ахуалда қарсы алу жəне оның шаһарда бола- тын уақытын той етіп думандатып өткізу шараларын дайындауға бірнеше ай бұрын кіріскен. Жəне ең алдымен орыс қаруының сенімді қолда екенін лайықты түрде көрсетуді мұқият ойластырған. Ал бұл ретте патшазадаға өлкедегі əскери күштің, əсіресе казачествоның жауынгерлік келбетін жақын таныстыру қажет-тін. Өйткені казак-


 


тар қауымы империяның жаңа жерлерді иеленуде сүйенетін басты тірегі болған жəне бола бермек. Казак-орыстардың қала көшелеріне шыққан мейрамдаушы халықтың едəуір бөлігі болуы да сол себеп- тен. Олар жан-жақтан да келген-ді. Өлкедегі барлық казак қауымы станицаларынан атамандары бастаған делегациялар сол күндері Омбыға жиналған. Олардың көпшілігі Түркістан өлкесін жаулап алуға қатысқандар, əсіресе Қоқан, Хиуа жорықтарында екі-үштен жауынгерлік марапат белгілерін алғандар еді. Үлкен мейман 1891 жылғы 14 шілдеде Омбы шаһарына келгенде, Сібір мен Жетісу казак-орыстарының, атбасарлық, константиновтық, пресновтық казак-орыстардың өкілдері оны айлақтан қарсы алысты, нан-тұз ұсыну рəсіміне, мерекелік дастарқанға қатысып, бір жасап қалды. Болашақ патшаға арнайы əзірлеп əкелген сыйлықтарын ұсынып, зор құрмет көрсетті. Жетісу казак əскерлерінің бөлім бастықтары цеса- ревич Николайды ортаға алып, арнайы суретке түсті. Патшазадаға шаһарда мұндай ресми қошемет көрсетушілер қатарында жергілікті қазақтар болған жоқ. Себебі, жаңа тəртіпке қаншама көндіккенмен, олар отарлаушыға өгей еді. Сондықтан да қалың қазақ ортасында бой көтерген қалада, қазақ өлкесін басқаратын орталық орналасқан бас қалада, қыр қазақтарының астанасында өлкенің төл бала- ларына ондай мүмкіндік берілмеді. Қазақтар өздерінің тыныс- тіршілігін патшазадаға ертеңіне, жоғарыда айтқанымыздай, арнайы тігілген қазақ ауылында жайылған көрме арқылы таныстырды. Омбыда өткізген күндері ішінде тақ мұрагері Омбы кадет корпу- сы роталарының, Омбы батальонының, казактар бригадасының əскери саптарын қарады. Олардың жауынгерлік дайындықтарына ризашылық білдіріп, əрқайсысына бір-бір тостағаннан арақ сый- лады. Сосын қыздар гимназиясында, жетім, жарлы балалар баспа- насында болды. Ал сарай алдында, басты көшелердегі бақтарда, халық толы алаңдарда қилы мерекелік шаралар өтіп жатты. Солардың бірінде Балуан Шолақ жеңіске жеткен сайыс та болды. Тек, мұрагердің сондай халық мерекелеріне қатысқанын айтқан есеп көзімізге түспегендіктен, палуанымыздың мерейі үстем бол- ған сайыс жайын дəл əңгімелей алмай отырмыз. Дегенмен Жайық Бектұровтың зерттеуіндегі: «Омбыға Ресейдің ең соңғы мұрагер патшасы Николай келгендегі жиын-тойда Шөкең күреске түсіп, сыйлыққа өз аты жазылған сағат алған» деп келтірілетін хабарды ұмытпаған жөн. Бəлкім, мұның анық-қанығын кейінгі зерттеушілер анықтай жатар.


Атшабарда ат жарысын тамашалаған күннің ертеңіне, 1891


жылғы 16 шілдеде, тақ мұрагері жаңа шіркеу құрылысының бас-


 


талуына қатысты. Бұл іс-шара оның Омбыдан кетер алдында орын алған-ды. Кейін зəулім де əсем шіркеу тұрғызылады, оның іргетасына алғашқы кірпішті ІІ Николай цесаревич кезінде қалаған деп көрсетілген естелік тақта қойылады, бірақ оны көру патша маңдайына жазылмаған еді. Ол тақтан түскеннен кейін пойызбен қазақ даласы арқылы Сібірге қарай тұтқын ретінде тасымалданады, бірақ Омбыға қол созым қалғанда басқа бағытқа əкетіледі...


Сонымен, Балуан Шолақ Омбыда тақ мұрагерін қарсы алу құрметіне өткізілген мерекелік шаралардың бірінде, 1891 жылғы шілденің 14–16 күндері аралығында, Севр (Сібір) палуанды жеңіп, мерейі үстем болды. Бұл кезде ол 27 жаста еді. Оң-солын əбден таныған, қазақ өлкесінде орын алған тағдырлы өзгерістердің қыр- сырын анық ажырататын жаста-тын. Қазақтың дербес елдігінің жойылуы ол дүние есігін ашардан бұрын орын алған. 1822 жылы патша пəрменімен Cібір қазақтары туралы жарғы бекіген-ді, соған сəйкес, өлкеге орыс əкімшілік жүйесі енгізілген. Мұндай өзгеріске қарсы тұрып, жойылған егемендікті қалпына келтіруге тырысқан қозғалыстар, патша езгісінен құтылуды көздеген Кенесары ханның аса ірі азаттық соғысы да ол дүниеге келерден бұрын орын алған. Ол шыр етіп өмірге келген кез Арқа халқының Ресей бодандығына мойынсұнған шағына дөп келді. Кіндік қаны тамған Қотыр-Шор- тан аймағына, қазақтардың аса көркем Көкше етегінде жатқан Əулиекөл жағасындағы мекеніне алғашқы қадаларын мұжықтар əлгі заң қабылданғаннан кейін жеті-сегіз жыл өткен соң-ақ қаққан. Содан бастап Шортан орнында патшалықтың орталық аудандары- нан қоныс аударып келген орыстар Щучье деп атап кеткен елді ме- кен пайда болған. Өз еріктерімен келіп қоныстанушылар мен əскери қызмет атқарып жүрген казактар қауымы сол шақтан бастап, барлық қазақ даласы қатарында, Көкше өңірін де отарлап жатқан. Олардың саны Нұрмағамбеттің бала кезінде, салыстырмалы түрде қарағанда, аз болатын, бірақ, уақыт өткен сайын, көбейе түскен. Өлке 1868 жылғы жарғымен басқарылып тұрған. Осынау «Дала облыстарын басқару жөніндегі уақытша ереже» қазақ елі үшін жасалған бұдан бұрынғы заңдармен орныққан сұлтандар билігін өзгертіп, жоюды жəне өлкені орыс əкімшілік жүйесіне біржола сіңістіру мақсатын көздейтін.


Балуан Шолақ Омбыда тақ мұрагері құрметіне өткізілген жарыс-


та жеңіске жеткен 1891 жылы əйгілі «Дала ережесі» қабылданған. Сол заң бір-екі жылда өмірге енгізілісімен, отарлаушылар көші үдей түскен. Əсіресе, қазақ халқының тыныс-тіршілігімен таны- сып, құрметін көріп қайтқан мұрагер таққа отырғаннан кейін, бұл


 


ахуал ашық та жоспарлы сипат алған еді. Патшалық ішкі Ресейдегі аграрлық толқуларды басу үшін, жерсіз шаруаларды «бос жатқан басы артық шұрайлы жерге бай» шет аймақтарға қоныс аудар- ту саясатын екпіндете жүргізуге кіріскен. Соларды жайғастыру мақсатында арнайы мекеме құрып, қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін кесіп алып жатты. Ішкі Ресейден келмек қоныс аудару- шылар үшін көшпенділерді құнарлы атақоныстарынан ығыстырды. Сөйтіп, оларды алыс ата-бабаларынан бермен иеленіп келе жатқан мекендерінен аластауды мүлдем ашық жүзеге асырды. Шөбі шүйгін, орман-тоғайы, суы мол ең шұрайлы жерлерді отарлаушылардың пайдасына тартып алу жоспарлы сипатқа ие болды. Жергілікті халық тіршілікке қолайсыз, құнарсыз аймаққа ығыстырылды. Бал- уан Шолақ осы жайларды көзбен көріп, біліп өскен. Қалың қазақ ор- тасында қала салып, қазақ жер-суын өз меншігі етіп алған билеуші жұрттың озбыр мақтанышты көңіл-күйін Балуан Шолақтың тым бейтарап қабылдамағаны, тереңдей түскен қиғаштықтарды, жер-судың, ел тыныс-тіршілігінің отарлана бастауын айқын ұға бастағаны күмəн туғызбайды.


Ресейде крепостнойлық құқықтың жойылуы, шаруаларға бос-


тандық берілуі қазақ даласын мақсатты түрде игеруге апарғаны белгілі. Қазақ жерін казак-орыстар мен шаруаларды қоныстандыру жолымен отарлау барысында белгілі дəрежеде капиталистік қатынас та қалыптаса бастаған-ды. Май шайқау, диірменмен ұн тарту, тері илеп, былғары жасау жолға қойылып, олармен тиімді сауда-саттық дамытылған. Дала өміріне əсіресе сауда капиталы еркін сұғынған. Омбы мен Қызылжарда жеке меншіктегі қоймалар мен сауда үйлері пайда болды, солар арқылы мал иеленушілердің малшаруашылық өнімдері европалық Ресей мен шетелге шығарылды. Базарлар мен жəрмеңкелер арқылы өрістей түскен өзара пайдалы байланыс- тар нəтижесінде қазақтардың қожалықтарында да құрылымдық өзгерістер жасалды. Орыс көпестері жылқыға айрықша қызығу- шылық танытты. Сол себепті отарлар мен табындарда қойлардың үлестік салмағы азайып, жылқылар үлесі арта түсті. Ресейдегі ірі қалалардың етке деген сұранысына сай, аталмыш аймақтарда мүйізді ірі қара өсіру де дамытылды. Бұған капитализмнің дамуы- ның əсерінен жəне қоныс аударушылық қозғалыстың үдей түсуі салдарынан көшпенді халықтың отырықшылыққа ауысқан бөлі- гі – жатақтар да үлес қосты. Отарлық жүйенің бекем орнығуы қазақ қауымының əлеуметтік тұрғыда бөлшектенуіне, көшпелі шаруа- шылықтың ыдырай түсуіне апарды. Кедейленген қазақтар күнкөріс қамымен түрлі кəсіпшіліктерге, тау-кен өнеркəсібіне, мыс, қорғасын


 


қорыту зауыттарына, көмір кенішіне жұмысқа кірді. Қазақ даласы- на капитализмнің дендеп ене бастауы, байлыққа тұнған шикізат көздерін мақсаткерлікпен пайдаланудың арта түсуі арқасында, со- лармен бір мезгілде империя қаржы-қаражат жүйесінің бір бөлігі ретінде, коммерциялық банктерінің филиалдары жəне кредит ме- кемелері жасалды жəне кеңейтілді. Омбы мен Қызылжарда им- перия мемлекеттік банкінің бөлімшелері ашылды. Қазақ жерінде Сібір сауда банкі, Орыс сауда-өнеркəсіп банкі жұмыс істеп, сауда айналымына көп қаражат салды. Сауда-саттықтың басты нысаны мал болып қала берген. Қазақ халқының негізгі шаруашылығының өнімдерін сатып алу немесе халыққа мұқтаж тауарларға алмастыру шаралары қилы базарлар мен жəрмеңкелерде жүзеге асырылды. Ба- луан Шолақ есейіп, өмірге араласа бастаған ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде оның ауылы орналасқан аумақта сауданың жаңа түрі – жылына бір немесе екі рет өткізілетін жəрмеңкелік сауда-саттық кең өріс алды. Ең ірі маусымдық сауда орындары – Қызылжар үйезіндегі Тайыншакөл, Ақмола үйезіндегі Константинов, Атбасар үйезіндегі Петров жəне Қарқаралы үйезіндегі Қоянды жəрмеңкелері еді. ХІХ жүзжылдықтың соңғы ширегі басталғанда бұлардың арасындағы жетекші орынға Тайыншакөл жəрмеңкесі шыққан. Оның сауда айналымы екі жарым миллион сомға дейін жеткен еді. Екінші орында бір жарым миллион сомдай айналымы бар Қоянды, үшінші орында сегіз жүз мың сомдай ақша айналымы болған Кон- стантинов жəрмеңкелері тұратын. Олардың сауда айналымдары жыл өткен сайын өсіп жатты. Осынау сауда орындарына сатуға мал əкелушілер, əрине, қазақтар болатын. Қазақтар үшін жəрмеңке тек мыңғырған малын саудаға салып, өзге керек-жарағын сатып алатын орын ғана емес, сонымен бірге қоғамдық шаруаларды ақылдасып шешетін, мəдени шаралар өткізіп, рухани лəззат алатын орынға да айналды. Шартараптан бас қосқан өнерпаздар əн шырқап, күй тарт- ты, би биледі, күш сынасты, күресті. Осындай кездерде небір өнер дүлдүлі қалың жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, есімі халық арасына кең тарады. Сондай жанның бірі Балуан Шолақ еді. Тайыншакөл жəрмеңкесі қазіргі Солтүстік Қазақстан облы- сының Тайынша ауданы аумағында, суы таза, оты шүйгін, та- биғаты жан-жануарға жайлы Тайынша жəне Сеңді көлдері ара- сынан Балуан Шолақ өмірге келер қарсаңда орын теуіп, жылына екі мезгіл бір-бір айдан жұмыс істеп тұратын. Жыл өткен сайын белгілі бола түскен жəрмеңкеге мамыр мен қыркүйек айларында Ресей көпестері өнеркəсіп орталықтарынан қазақ қажетіне орай түрлі өндіріс тауарларын əкелетін де, жергілікті малшы жұрттың


 


малдарына айырбастайтын. Жəрмеңкеге жиналған жұртшылық, əрине, малын өткізіп, сауда-саттық жасап қайтумен шектелмеген, басқа бұйымтайларын да шешкен. Осында ел ағалары ауылдар арасындағы түрлі дау-дамайды, жер-суға таласу, мал барымталау мен ұрлық-қарлық жасауға қатысты мəселелерді қараған. Соны- мен қатар жəрмеңке кезінде əр тараптан келген ақындардың ай- тысы өтіп жататын, əншілер, термешілер, бишілер, күйшілер өнер көрсететін. Балуандар күреске түсетін. Сол өңірде тұратын бүгінгі ардагерлердің баспасөзде жариялаған естеліктеріне қарағанда, Тайыншакөл жəрмеңкесі бірте-бірте өлкедегі асқан дарын иелері бас қосатын жерге, ұлттық өнерді айшықтап көрсетудің құдды бір қастерлі ордасына айналған. Осында Орынбай, Шөже, Ақан сері, Біржан сал, Арыстанбай, Тезекбай жəне Балуан Шолақ секілді атақты ақын-жыршылар дүйім жұртшылыққа рухани лəззат сый- лаған. Жəрмеңке қызықтары қыркүйек айында өтетіндіктен, оны сол кезде көп қолданылған орысша айдың атымен атаған. Балуан Шолақ та өзінің əйгілі əнінде «Сентябрь базары» деп кеткен. Өршіл əуенді əнінің өлеңіндегі: «Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім елу бір пұт кірдің тасын», – дейтін жолдар қыркүйек айында жұ- мыс істейтін үлкен жəрмеңкелердің бірін мегзеп тұрғаны анық. Балуан өмір сүрген аумақтағы Көкшетау қаласында орналасқан Боқырау (Покров) базарында да жəрмеңке өтіп тұрған, əйтсе де, сол кездердегі сауда-саттық орындарының хал-ахуалы жайындағы империялық есеп-жазбалар мен кестелерден көзге түспегендіктен, оның сауда айналымының көлемі шағын болған шығар деп шама- лаймыз. Тиісінше, көпестер мен саудагерлер шартараптан қилы та- уарды молынан тасымалдайтын, қазақ та жылқысын үйір-үйірімен айдап əкелетін орын – негізінен казак-орыс мекендеген Көкшетау қаласынан гөрі, ен табиғат төсінде орналасқан, сентябрь айында ғана жұмыс істейтін əйгілі Тайыншакөл жəрмеңкесі болуы əбден ықтимал. Балуан Шолақтың осында өте ауыр салмақ көтеріп, сондай-ақ атақты орыс палуанының жауырынын жерге тигізіп, елді тамсантқаны күдік тудырмаса керек...


Патшазада қазақ жерінде болып, тыныс-тіршілігімен біршама


танысқан жылы қабылданған империяның «Дала ережесі» ата- латын заңнамалық акті Дала өлкесін, Орал жəне Торғай облыс- тарын басқару жөніндегі бұрынғы Уақытша ережелер негізінде қалыптасқан əкімшілік басқару жүйесін бекітіп, күшейте түсті. Қазақ ауылдарындағы сайланбалы органдарды, төменгі буын ретінде, патша өкіметінің əр үйезге тағайындайтын бастықтарына барынша тəуелді етті. Қазақ жері қазақтарға пайдалануға берілген


 


мемлекеттік меншік болып табылады дегенді заңдастырды жəне бұратаналардың санасына солай сіңірді. Сондықтан да барлық


«артық» деп табылған «мемлекет меншігіндегі» жер-су, туындаған мұқтаждыққа орай, «үкімет қажет еткендіктен», Мемлекеттік дү- ние-мүлік министрлігінің қарамағына көшірілетін болды. Егін шаруашылығына жарамды жерлер «бос» деп табылып, оны пай- даланып жүрген көшпенді халықтан тартып алу жүзеге асыры- ла бастады. Аталмыш ереже Балуан Шолақ та кезінде Омбыда ұлықтауға қатысқан кəдімгі мұрагер Николай патша болып импе- рия тізгінін қолға алғаннан кейін қыр ғұмырының негізгі заңына айналдырылған. Иə, ол таққа отырысымен қазақ елінің жер-суын отарлау шаралары іс жүзінде күшейе түсті. Күні кеше дала өмірінің қызықтарына сүйсініп оралған цесаревич империя тізгінін қолына алысымен Дала низамының өмірге дендеп енуін тереңдетіп жүзеге асыруға кірісті. «Бос жатқан қазыналық жерлерге» орталық аудан- дарда жер таршылығын көріп жүрген шаруаларды көшіріп апару – ішкі Россиядағы аграрлық толқуларды бəсеңсітудің, тіпті мүлдем тоқтатудың бірден-бір жолы еді. Ал қазақтардың бабаларынан мұра болып келе жатқан атамекен-қоныстарын «бос жатқан қазыналық жерлер» ретінде қарастыру – олардың құқтарын қасақана шектеу, аяққа таптау болары билік басындағыларды толғандырмайтын. Патша үкіметінің артық жаралған астам шонжарлары жергілікті халықтың мүддесі деген ұғымды ешқашан ескерген емес. Со- дан да, Балуан Шолақ дүниеге келерден бірнеше ондаған жыл бұрын-ақ, оның ауылының іргесіндегі көркем қойнауға казак-орыс колонистері өз мекендерін салған. Ақын бұл жайында өлеңінде:


«Борық тартсаң шығатын уыз сүті, Қотыр-Шортан мен туған –


жердің құты, Түскен екем шыр етіп жер бетіне, Суға барып түскенде орыс бұты», – деген еді.


Əсем Көкше бауырынан Қотыркөл, Шортан станицаларының бой көтеруі үлкен отарлаудың басы болған-ды. «Дала ережесі» күшіне ене келе, үкімет переселен учаскелерін құрды да, жаңғыз бұл өңірге емес, күллі жалпақ қазақ жерінен бөліп алған шұрайлы аймақтарға казак-орыстар мен қарашекпен шаруаларды топырла- тып əкеп төге бастады. Сонда, қысастықпен үдетілген көші-қон салдарынан, кей-кейде жергілікті жұрт пен кірмелер арасында қилы шиеленіс, кикілжің бой көрсетіп қалып жүрді. Жасынан шыншыл, əділетсіздікке төзбейтін Балуан Шолақ сондай кездерде жапа шек- кендер намысын қорғаймын деп небір көзсіз батырлықтарға бара- тын. Мұндайда ақын: «Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан», – деп жырлайтын. Алайда «анталаған


 


сан дұшпан» қарап қалсын ба, əр басқан қадамын аңдумен орайын келтіріп, оны түрлі жалаға іліктіреді. Сондай бір істі болған шағынан:


«Мен өзім аққан судай тасып жүрмін, Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін. Жаласы сексен өгіз маған ауып, Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін», – деген жолдар сыр шертеді. Ақын ақыры түрмеге де түседі. Қиналады: «Абақты азап орны, жайнаған шоқ, Басқаным от сияқты, ішімде дерт». Небір əділетсіздікті бастан кешіп, жазықсыз жаза тартуға кесіледі: «Жеті жыл каторгаға мені жазған». Бірақ мойымайды. «Бойыма күш біткенге еттім шүкір, Қажысам абақтыға, бетке түкір. Темірін екі итеріп тартқанымда, Кірпіші жерге түсті күтір-күтір». Абақтыдан қашып шығады. Со- дан: «Мен, Шолақ, ажал жетіп өлгенім жоқ, Теңдікті дұшпаныма бергенім жоқ», – деп жырлағанындай, тұтқыннан құтылғаннан кейін де озбырларға қарсы күресін тыймайды. Жасаған əрекеттерін шығармашылығының арқауы етіп, əншілік, серілік, ақындық өнерін жалғастыра береді. Əділетке адалдығын, жақсы атқа, сұлу қызға ақындық-серілік жанымен ғашықтығын өлең-жырларына арқау етіп, шығармашылық ғұмырымен астастыра түседі.


Балуан Шолақтың аса атақты əндерінің бірі «Ғалия» екені


белгілі. Ол авторының есімін шартарапқа жайды. Ыстық, мөлдір махаббатты асқақтата жырлаған осынау сүйіспеншілік жыры өзінің асқақ та сазды əуенімен жəне нəзік сезімді ерекше құштарлықпен бейнелеуі арқасында көп көңілінен шықты. Бұл əн Балуан Шолақтың музыкалық шығармашылығының шырқау биігі санатында аталады. Ел арасында ол бірнеше түрде айтылып келген. Осынау көпке əйгілі тамаша əннің толықсыған кейіпкері жайында Сəбит Мұқанов пен Ахмет Жұбановтан бері талай зерттеушілер қалам тербеп келеді. Ғалия Тілеуқызының базарда қымызхана ұстағаны, көрікті болғаны, 22-23 жасар шағында оған қырықтың қырқасына шыққан Балуан Шолақтың ғашық болғаны, содан ғаламат əн туғаны, жалпақ дүниеге ғажайып жыр болып шашылған осынау махаббаттың 1908–1909 жылдары туғаны дау-дамайсыз шындық ретінде айтылады. Кейінгі жылдары Астана қаласындағы ескі мұсылман қорымына жерлен- ген Ғалияның бейіті табылған. Араб, парсы, шағатай тілдеріндегі ескі шығыс жазуларын оқуды меңгерген жас мамандар Ұларбек Дəлейұлы мен Ахат Əшуұлының анықтауынша, Ғалияның басына күйеуі Ғалым Құрақбаев орнатқан құлпытаста көне емлемен: «1922 жылы 23 апрельде... Ғалия Ғалымжамағаты Тілеуқызы 48 жасын- да фəниден бақиға» өткені қашалып жазылыпты (http://www.info- tses.kz/mobile/details.php?news_id=140389). Осы дерекке қарағанда, Ғалия 1874 жылы туған, яғни Балуан Шолақтан он жас кіші. Егер


 


екеуінің кездескен уақытында Ғалияның жасы 22-23-терде болса, онда ол 1896–1897 жылдарға дөп келеді. Демек, «Ғалия» əні де сол шамада туған. Əннің қазақ елін шарлап кеткен жеңісті шеруі сол шақта, екі ғасырдың тоғысында орын алған...


Сəбит Мұқановтың атақты «Балуан Шолақ» хикаятында əсерлі суреттейтініндей жəне одан бергі уақыттарда əйгілі өнерпаз жа- йында өзге де қалам тербеушілердің бір ауыздан мойындағанын- дай, туған өлкесінде қуғын көрген Балуан Шолақ біраз уақыт алысырақта бой тасалауға мəжбүр болған. Со бір кезеңінде арғы аталары мекендеген Жетісу өлкесіне сапар шегіп кетеді. Өзінен бұрын атақ-даңқы жеткен Жетісуға, ол бір дерек бойынша, жиыр- масыншы ғасырдың басында, енді бір көбірек айтылатын дерекке қарағанда, 1913–1914 жылдары барған. Бəлкім, сол екі мезгілде де солай қарай жолы түскен шығар. Өйткені, зерттеушілер айтатын- дай, əйгілі халық ақыны Кенен Əзірбаев оны жасөспірім шағында көрген. Кененнің белгілі əнінде сол тұңғыш кездесу хақында: «Бала едім жаңа талап, іздеп келдім, Өзіңнен сұрайын деп ақыл, аға... Бала едім жаңа талап ақын-əнші, Əніңді үйренейін алуан, аға», – деп ай- тылады ғой. Бұлар, шынтуайтында, 1913–1914 жылдары отыздарға толған сақа жігіттен гөрі, 1900–1901 жылдарғы он алты-он жеті жасар бозбалаға жарасатын сөздер емес пе?! Егер осындай пікірді дұрыс деп қабыл алсақ, Балуан Шолақтың алғаш рет Жетісуда бо- луы, шынында да, 1884 жылы дүниеге келген бала Кенен 16 жасқа келген уақытқа – ХХ ғасырдың басына сай келеді. Ол атажұртына жасаған сонау бірінші сапарында ұзағырақ қыдырыстаған болса (Сəбеңнің атақты шығармасын еске алыңыз), екінші рет шыққан сапары, Балуан Шолақтың ұлы Құдайберген Шолақовтың (жазу- шы Жайық Бектұров зерттеуіндегі) естелігіне қарағанда, бірер айға ғана созылған.


Шөкең түстік өңірде ата-бабасының туып-өскен жерлерін, Шу


бойында тұрып жатқан алыс ағайындарының ауылдарын аралады. Қырғыз аймағына барды. Жетісудің белгілі өнер адамдарымен, соның ішінде жыр алыбы Жамбылмен де сырласты. Болған жерлерін думанға толтырып, өнер көрсетті. Арқа дүлдүлдерінің де, өзінің де əндерін шырқады. Еліне сағынышпен оралды. Алайда елдегі дұшпандары бірер мезгіл көзден таса болған екен деп оны ұмытып кете қоймайды. Ұзақ сапарынан қайтып келгенінде оған түрлі за- лал келтірудің жолын қиыстыра береді. Ақыры қапияда қастандық жасап, өмірден ерте кетуіне себеп болады. Бұл қанды зұлымдық жайын Сəбит Мұқанов оның өмірі жайында жазған көлемді хикая- сында көркем кестелегені белгілі. Əйгілі жазушы өзінің сонау


 


туындысына əр кезде кейде роман, кейде повесть деп жанрлық атау берген, əдебиетші қауым да оны солай, көбіне повесть ретінде қабылдап кеткен. Дегенмен Сəбең өзінің он алты томдық таңдаулы шығармалар жинағының 3-ші томында (1972) жариялаған повестері арасына 40-шы жылдары жазылған бұл хикаятын «аңыз» деп үкілеп қосқан. Біздіңше, осы анықтамасы дəл, өйткені шығармасында Бал- уан Шолақтың өмірінен беретін мағлұматтары көп ретте аңыз сипа- тында, əсірелей суреттеліп, көтеріңкі романтикалық рухта баянда- лады. Сəбең палуанның 1916 жылғы 25 маусымда шыққан қазақтан майданға жұмысшы алу жайындағы патша пəрмені салдарынан туған ұлт-азаттық көтеріліс алдында, тасадан жаулықпен атылған оқтан қаза тапқанын жазады. Алайда батырдың дүниеден 1919 жылы өткені бұл күнде дəлелденген ақиқат. Демек, оның сол екі аралықтағы тарихи кезең кезіндегі ісін зерттеп жаңғырту керек-ақ. Əзірге, жазушы-зерттеуші Естай Мырзахметовтың болашақ зерт- теулерге түрткі боларлықтай құнды деректер жазып қалдырғанын есте ұстауымыз керек. Оның айтуынша, Балуан Шолақ туып-өскен


«елдің бұрынғы жайлауы Айқайқабақ, Үйжығылған сықылды кең


даланы», «осы күнгі Ақмола облысының Астрахан, Мариевка (Амантай), Журавлевка (Қылыш), Макинка (Бұланды қарағайы) аймағын басып, Бурабайға өтетін тас жол, теміржол бойындағы бұрынғы қазақ елінің шұрайлы қонысы», күллі «əдемі жерлерді» келімсектер иемденген. Үкімет тартып алған бұл жерлерге қоса, қолдағы біразын – «Қайрақты, Мат өзендерінің, Қандықарағай, Ақсу, Айдабол жайлауларының кең өрісін» жергілікті қазақ ал- пауыттары «патша əкімдеріне, орыстың кулактарына ... сатқан». Мұндай əрекеттерге Балуан Шолақ наразы болып, отаршылдарға қарсы күрескен. 1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің Көкше өңірінде кең өрістеуіне осы жəйт мықты тірек болды деп есептейді қаламгер. Балуан Шолақ туып-өскен Көкше өңіріне – қазіргі Ақмола облысының Бұланды ауданына – іргелес жатқан Ақкөл ауданындағы Моншақты, Салқынкөл деген жерлерде орын алған қозғалыстардың, сонау Салқынкөл көтерілісінің табиғаты мен туу себептерін, сондай-ақ оған қатысушыларды, əсіресе, Е. Мырзахме- тов зерттеу-мақаласында жазғандай, Балуан Шолақтың көтеріліске тигізуі ықтимал ықпалын анықтаңқырап, терең қарастыру қажет-ақ. Патшаның тақтан құлауы, одан кеңес өкіметінің орнауы Шөкеңнің бұл орайдағы белсенділігін арттыра түсті. Рас, оның революция мұраттарын қолдағаны жайында жалпылама түрде айтылады, соны нақты деректермен толықтыру мəселесі зерттеушісін тосып тұр. Одан кейінгі төңкеріс жылдарында орын алған оқиғаларды, Алаш-


 


орда, кеңес өкіметі кезіндегі ахуалды саралау, сондай зерттеулер негізінде күрескер əнші-сазгер-палуан өмірінің соңғы сəттерін жаңғырту орынды болмақ.


Балуан Шолақ 1919 жылы наурыз айының орта шенінде қайтыс болған. Жағдайды нақты білетін кісілердің естеліктеріне сүйене отырып, Е. Мырзахметов осындай қорытынды жасайды. Ақпан айының соңына қарай Шөкең кіші ұлы Құдайбергенді ертіп, Ат- басар жағындағы құдаларына қарай шығады. Алайда межелі жер- ге жетпестен кері оралуға бел буады. Қайран қалған баласына мұнысының себебін түсінде «Аққошқарының аян бергенімен» түсіндіреді. Тездетіп қайтпаса болмайтынын, «ажал шіркіннің соңына түскеніне үш жылға айналғанын», содан, «ақыры, міне, қуып жеткенін» айтады. Үйге келген соң «ішінің жанып əкетіп баратқанын» айтып, төсек тартып біраз жатады. Сосын бəйбішесі Қаныкей мен ағасы Төлеубайды оңашалап қасына алады да, сырын ашады жəне ақтық аманатын естіртіп, «Барамын алыс сапар қайтып келмес... Тұрыңдар дұға қылып, құрбы-құрдас!» деп келетін ел- жұртына арнаған қоштасу өлеңін айтады. Бірер күнде көз жұмады. Бəйбішесі, ағасы жəне Сабыр қажы батырдың «өсиетін айтқанындай орындайды». Ақтық аманатының мазмұны бертінге дейін белгісіз болып келген. «Ерінің өмірден өту құпиясын Қаныкей бəйбіше қырық құлыптың астына сап аса берік сақтаған, жат тұрмақ, өзінің қара құрсағын қақ жарып шыққан Исажары мен Құдайбергеніне, жан дегенде жалғыз қызы Бəтеніне де ашпаған күйі, 1948 жылы өзімен бірге қара жер қойнына ала түседі», – дейді Е. Мырзахме- тов. Ал Шөкең қайтқанда сүйегіне түскен Сабыр қажы 1934 жылы, өмірден өтерін сезген шамада, немере інісі Ғаббасқа – жазушының нағашы атасына сыр ашады. Бұл сырды атасынан ол 1959 жылы əкесі екеуі естиді. Ал Шөкеңнің ағасы Төлеубай құпияны ортан- шы ұлына, ол өз баласына айтып кетеді. Сол деректерге жəне ел ішіндегі басқа да мəліметтерге қарағанда, былай болған екен. Шөкең 1916 жылы жазғытұрым ауылына кештетіп қайтып келе жа- тады. Бұланды орманының Ақбалақ деп аталатын нуының шетіне кіре бергенінде, кенеттен тура қарсы алдынан мылтық гүрс ете түседі. Оқ ердің алдыңғы қасына тиеді, содан əлсіреп барып, оны іштен жарақаттайды. Ол, əйтеуір, аттан құламайды, 1919 жылы төсек тартып жатқандағы өз сөзімен айтқанда, «...құдайдың берген күш-қуатының арқасында» үйіне жетеді. Жараның қанын бəйбішесі Қаныкей жуып, таңып тастайды. Өзіне оқ атылғанын ешкімге айтпайды, бұл жайында тіс жаруға əйеліне де тыйым салады. Ел ішіне «қойдың құмалағындай қорғасынды көтере алмай ауырсы-


 


нып жатыр» екен деген сөз таралып кетуі ықтималдығын намыс көреді. Енді, міне, ішінде үш жыл жатқан сол оқтың салдарынан өмірден өткелі жатып та құпияны берік сақтауға үндейді. Ағасына:


«Сабыр қажы екеуің ғана арулаңдар», – деп қатты тапсырады.


«Сүйегіме басқаларды түсірсеңдер – денемдегі жараны көрер..... ақ


ажал бұйырмай, оқтан өлді деген сүйекке таңба. Ешкім білмесін.. »


«Тап іргеде кіжінумен отырған қара шекпенді жаулар тыныш қарап қалмас. Тірімде шамалары келмегенмен, тым болмаса сүйегімді қорламаққа қабірімді ақтарар Құпиялап қоятын болсын...». Аса қиналып жатып, жоғарыда айтылғандай өсиеттерін естіртіп қоштасқан соң, дүниеден тез өтіп кете барады. Зерттеушінің айтуы- на қарағанда, «қазақ десе қаны қарайып қағынып тұратын жауыз- дар ... Шөкең өзі ақылмен болжап кеткеніндей,  батырсынып, өш


алмаққа» шығады. «Қара құзғынша шулап жан-жақтан жиналып, ауылға ойнақ салады   көр қопарады. Бірақ Шөкеңнің сүйегін таба


алмайды». (Оның мəңгі тыншыған құпия жерін білетіндер бүгінгі ұрпаққа 1943 жылы нақтылап көрсетіп берген.) Жаулары кіжінісіп, Шөкеңде кеткен еселерін оның артында қалған ұрпағынан алмаққа бел буады, сөйтіп баласының үлкені Исажарды атып кетеді...


Балуан Шолақ мен Қаныкейдің он сегіз ұл-қызы болыпты, со- лардан Исажар мен Құдайберген жəне қызы Бəтен үшеуі қалған көрінеді. Əкесінің күш-қуаты Бəтен қызға дарыған екен. Оны 30-шы жылдарғы қиын кезеңде Балуан Шолақтың əндерін жа- зып алу үшін Б.Г. Ерзакович іздеп барады. Сондағы көргенін ол былай суреттейді: «...Көп ұзамай, үйден əріректе тұрған қауғалы құдық жақтан ұзын бойлы, бүрмелі кең көйлек пен жіңішке беліне шақ қыналған қамзол киген бір əйел бізге қарай келе жатты. Ол мойынағашпен шып-шып толы шелек суды көтеріп келе жатқанына қарамастан бүгілмей, бүкіреймей, аяқтарын жеп-жеңіл басып, тіп- тік жүріп келеді. Балуан Шолақтың қызы Бəтен Нұрмағамбетова – сол екен. Жас болмағанымен, оның спортшыға тəн сұлу сымба- ты мені таң қалдырды. Оның кескін-келбеті – сопақша келген қараторы өңді, кең маңдайлы, мұңды болғанымен, жылы нұр ша- шатын əдемі көздері, түзу түскен мұрны, əппақ тісті кішкентай аузы – есімде қалып қойды. Басына үлкен ақ шəлі тартқан екен, са- майынан ақ шалған қара шашы көрініп тұрды». Балуан Шолақтың өзіне тартып қайратты боп туған осынау қызы Бəтен өнерден де құралақан болмаған, əйгілі А.В. Затаевичтің ақылымен өмірін қазақ мəдениетіне арнаған осынау музыка зерттеушісінің арқасында бізге оның бір өлеңі жетті. Зерттеушілердің еңбектерінде Бəтеннің ұзатылған кезде əкесі Балуан Шолаққа арнап айтқан назы мен əкесі өмірден озғандағы сағынышты жоқтауы сақталған.


 


Ірі қалаларда, жəрмеңкелерде өнер көрсеткен əйгілі əнші, сазгер, палуанның көзі тірісінде суретке түспегеніне сенгің кел- мейді. Əйтсе де, осы уақытқа дейін ешқандай фотосуреті табыл- ған жоқ. Оның кескінін Сəбеңнің атақты хикаятынан кейін қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі болған халық суретшісі Əбілхан Қастееев қылқаламмен бейнелейді. Алайда су- рет, Е. Мырзахметовтың жазуына қарағанда, дала серісін көріп өскен көкшетаулықтардың көңілінен шықпапты. Содан қаламгер Шөкеңнің жерлестерінен, көзі тірі туыстарынан пікір жинай оты- рып, сазгердің сөз суретін жинастырады. Балуан Шолақтың ағасы Төлеубайдың ұлы Есенжол ақсақалдың: «...кейбір мінезі, əсіресе, түр-түсі жағынан əкесіне аумай ұқсаған – Құдайберген», – деуіне байланысты, Құдайбергеннің суреттерін, жиналған күллі сипатта- мамен қоса, жергілікті суретші Толқыбек Əкімов деген жігітке тап- сырады. Ұзақ ізденістен кейін дүниеге келген бейнені 1986 жылы Үйсін ауылындағы «Шөкеңді көзі көргендерден ... Ақылбай, Хали- олла ақсақал екеуі ... жалпы нұсқасы келіп тұр» деп мақұлдайды...


Шөкеңнің кескіндемесін жасаудан – шығармашылығын жи- нау ерте басталғаны мəлім. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарында өнертанушы А.В. Затаевич Қазақ өлкелік əскери-революциялық комитетінің есеп-қисап бөлімінде еңбек ете жүріп, қазақ еліндегі музыкалық фольклорды жинастыруға білек сыбана кіріскен. Оның мың жарым əн-күйді жазып алған ерен еңбегінен кейін, осынау абы- ройлы істі музыка зерттеушісі Б.Г. Ерзакович алып жүрді, бертінде қазақ зерттеушілері жалғастырды. Музыкатанушы ғалым Зейнұр Қоспақов Балуан Шолақ əндерін түгендеуде көп еңбек сіңірді. Балуан Шолақтың əндерін атақты халық ақыны Кенен Əзірбаев жас кезінде қасында жүріп тікелей өзінен үйренген де, көзінің қарашығыңдай сақтап, біздің дəуірімізге жеткізген. Егер қазақ əндерін жинаушы əйгілі А.В. Затаевич 20-шы жылдары Балуан Шолақтың төрт-бес əнін ғана нотаға түсірген болса, палуан-əнші-сазгер дүние салғаннан отыз шақты жыл өткенде, оның тағы он екі əнін Кенен Əзірбаевтың орындауында Б.Г. Ерзакович жазып алған. Балуан Шолақ əндерін əр кезде Жүсіпбек Елебеков, Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов, Игібай Əлібаев, Қосымжан Бабақов, Елубай Өмірзақов, Нұғыман Əбішев, Мұхтар Өтебаев, Мағауия Көшкінбаев, Жəнібек Кəрменов, Қайрат Байбосынов жəне басқа да əншілер шырқаған. Музыка ма- мандары бұл күнде Балуан Шолақ əндерінің, түрлі нұсқамен айты- латындарын қосқанда, қырық шақтысын жинаған.


Балуан Шолақ шығармашылығы мəдениетіміздің төрінен мəң- гі орын алған құнды жəдігерлік болып табылады. Есімін халық


 


қадірлейді. Өкіметіміз оның əншілігін, сазгерлігін, ұлттық спорттың негізін салып, қазақтың өзіндік ұлттық мəдениетін дамытуға қосқан үлесін тану белгісі ретінде, туғанына 125 жыл толуына орай, 1989 жылы арнайы қаулы шығарды. Жамбыл облысы Шу ауданының Ақтөбе селосының аты Балуан Шолақ селосы деп өзгертілді, сондай-ақ сондағы «Ақтөбе» ұжымшарына, Алматыдағы мəдениет жəне спорт сарайына, республиканың қалалары мен ауылдарында көшелерге, Көкше аймағындағы туған жерінде мектепке Балуан Шолақ есімі берілді. Мұндай жұмыстар батырдың туғанына 150 жыл толу қарсаңында да жүргізілуде. Ақмола облысының Бұлан- ды аудандық «Бұланды таңы» газеті ауданның қайың-қарағайлы əсем қойнауында тыншып жатқан қазақтың біртуар ұлы, атақты палуан, əнші, композитор, ақын Балуан Шолақтың бейітінің ба- сына биіктігі 16 метрлік сəулеттік шешімі ерекше мемориалдық ескерткіш тұрғызылғаны баршаға мəлімдігін айта келе, 20 метрлік биік ескерткіші салтанатты түрде Жамбыл облысы Шу ауданы- ның Төле би ауылында ашылғанын хабарлады. Қазақтың атақты ақыны, əншісі, композиторы, палуаны, Қазақстанда цирк өнерінің негізін салушы Балуан Шолаққа тұрғызылған ескерткіштің ашы- луына Ақмола облысынан ақынның немересі, Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласының əкімі Шайдолла Құдайбергенұлы Шолақов арнайы барып қатысып, сондай монументтің Балуан Шолақ туып-өскен ауданның орталығынан да бой көтеретінін айтқан екен  


Балуан Шолақтың өмір жолы Сəбит Мұқановтан бастап Əнес


Сарай, Дулат Исабеков, Серік Тұрғынбеков, т.б. сөз шеберлерінің шығармашылығына арқау болды. Олардың қаламынан туған про- залық, драмалық, поэзиялық туындылар жұртшылыққа қажет руха- ни азық қорын толықтыруда. Көптеген зерттеушілер, публицистер балуаншолақтану саласына қызықты ізденістерімен өз үлестерін қосуда. Дала серісінің дүниеге келгеніне 150 жыл толуына орай оның аңыз болып кеткен өмір жолын жаңғырту ісі жалғаса бермек. Халқымыздың мақтанышына айналған Балуан Шолақтың əншілік- ақындық мұрасын насихаттау, оның қаһармандық бейнесіне мұқият назар аудару – баршамыздың парызымыз.


Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,


жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты







Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу