Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  451


Автор:  Жанар Ешназар

АҚСЕҢГІР АҚЫНҒА


(Былтырғы жазба)

Мұқағали Мақатаевтың 90-жылдық мерейтойына арнау.

Тапқандай қайнар көзін бұлақтардың,
Зерленген ғибратыңнан қуаттандым.
Сүйсіндім,
тебірендім,
туладым да,
Жыр-ошақ жырларыңнан, жылап та алдым.

Тамырын тереңдетті бұла қайың,
Тойыңды тойламақ боп, жүр ағайын.
Ой,пәлі-ай, бүгін сенің туған күнің,
Жыр жазбай, мен қалайша тұра алайын?!

Ақ түтек боран атой атқанында,
Тоғызы, отыз бірдің ақпанында.
Қаз қонған қасиетті Қарасазда,
Өмірдің босағасын аттадың да.

Жылғаның жағасында, лашық үйде,
Тау ұлы келді өмірге, ғашық күйде.
Қазағын,
туған өлке,
қара өлеңін,
Сарқылмас тау суындай, тасып сүйген.

Зеңгірге "Үш бақытын" тұғырлаған,
Солар деп, жан-жүрегі шымырлаған.
Отанның ағынды өзен, асқар тауын,
Шын сүйген, бар жәндігін қыбырлаған.

Құрдасы - Шәмші,
ұғар жан - Шәмілі.
Ойы - кен,
кәусар, алтын - қан,тамыры.
Халқының бағы үшін туған тұлға,
Поэзия әлемінің - Хан Тәңірі!

Ақсеңгір, мұзарт жырлы биік шыңым,
Ғаламның наркеудеңе жиып мұңын.
Саф мұра, мирас еттің болашаққа,
Жеті қат жерден алып сүйікті ұғым.

Сынады жасын ғұмыр, от - зеріңді,
Білгендей тауқыметке төзеріңді.
Тарпығыш тағдыр тосқан улы мұңын,
Уыстап жұттың өртеп өзегіңді.

Ғайыптан уаһи, қалам, алып сия,
Толғадың табиғаттан өлең жия.
Келмеске кеткеніңде жарық Күнге,
Жылады, "Құдіретті комедия".

Ғасырлар Хан Тәңірмен өрлейді де,
Тамылжып, өлең сен боп сөйлейді де.
Соқырға жанар берген, мылқауға тіл,
Өлмеген, Мұқағали!..
Өлмейді де!!

Жанар Ешназар
31/01/2021



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу