Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  401


Автор:  Жанар Ешназар

ЖАЛҒЫЗДЫҚ ЖАРАСПАЙДЫ АДАМЗАТҚА

Жақтамаспын ерлерді де, әйелді де,
Жалғыз жандар көп өмірде, қай елде де.
Сыңарынан үміт үзіп, қол сермеген,
Жалқылықтың қайбір тұсы сай пендеге?

Тым көбейді әйел заты жалғыз жүрген,
"Ерсіз, мұңсыз күлемін!" -деп ұлып, үрген.
Жақсы емес пе жабырқаған шақтарыңда,
Қосағыңмен бір мұңайып, бірге күлген.

Жігіт артты бұрмалаған ердің кейпін,
"Мен, ермін!" -деп, бос сөздерді көп сөйлейтін.
Жақсы емес пе көйлегіңіз үтіктейтін,
Жарың болса, кейде еркелеп өкпелейтін.

Ауырсаңыз жаны ауырып қалатын да,
Қисық кетсең түзу жолға салатында.
Жақсы емес пе жаныңызда жан болса егер,
Бір күлісіп, бірде ұрсып алатын да.

Бірлік болмай Алла ризық берер ме екен,
Жазғырсаңыз сізге өзге сенер ме екен.
Қол ұстасып қармануға қиналсаңыз,
Жалғыз болсаң бақыт оңай келер ме екен?

Қанағатты сезе қоймас тойымсыздар,
Ыза-кектен ойың мұздап, бойың сыздар.
Қол үзбеңіз некеңізден ей, адамдар,
Мүмкін болса жалғыздықты жойыңыздар!

Жанар Ешназар
7/08/2018 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу