Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  106


Автор: Несіпбек Айтұлы

Шәкірге соңғы сауал

Армысың, асыл киелім,
Өзегі алтын жүйелім.
Еңкейе бермес өзгеге,
Басымды саған иемін.
Ағытсаң жырдың тиегін,
Арынды, ақпа күй едің.
Тілеген жерден табылған,
Табиғат тартқан сый едің.
Дегбіріңді алған дертіңнің
Дауасын таппай күйемін.
Өркеші атан түйенің,
Емшегі мама биенің,
Семгендей шөгіп қалдың ба,
Сықырлап тозған сүйегің?
Өзіңе өзің би едің,
Жапанға жалғыз ие едің.
Шыңғыстың шыңы болмаса,
Арқаңды кімге сүйедің?
Ішінен шыққан аппағым,
Қазандай қара күйенің.
Қалтылдай басып тұрсың ба,
Құлама жардың жиегін?
Өледі екен хас тұлпар,
Ернеуге сүйеп иегін.
Толтырған бар ма айтсаңшы,
Тағдырдың тажал бүйенін?
Бұдыры болат бедерлім,
Бағасы қымбат беделдім.
Қарасы өшсе төбеңнің,
Көзімнің жасын төгермін.
Сұқсырдай судан сурылған,
Толқынның төсін сөгермін.
Кімдерді қалай қылмағы,
Қолыңда Тәңір шебердің.
Шоқтығы биік көк шоқы,
Мұжылып, міне, көнердің.
Жұртында қалған көненің,
Қаңқасы едің өнердің.
Айналсаң желге шаңдатып,
Тоқымын қақтың кемердің.
Аспанды кезсең ақ бұлттай,
Асқарға барып бөгелдің.
Оралсаң жерге опық жеп,
Кейпіне кірдің шөгелдің.
Сен де бір кезбе диуана,
Дәм-тұзын татқан көп елдің.
Үкідей ұштың үлпілдеп,
Үстінен сансыз белеңнің.
Адырдан оппа кез келсе,
Аранын жаптың тереңнің.
Үмітті қуып қаңғырдың,
Ұшында кеткен жебеңнің.
Сағымдай ағып, сандалып,
Жүргенде айтшы, не көрдің?
Соңыңа жастан мен ердім,
Соқпаққа түсіп жөнелдім.
Жебелей жортқан көк бөрі,
Сүргінге салсаң, желермін.
Желмая болсаң, жеделмін,
Жер түбін шолып келермін.
Бөртеден шыққан боз болсаң,
Қасқадан туған төбелмін.
Бедеудің белін талдырсаң,
Діңкесін құрттым көбеңнің.
Асырып бұдан не дермін,
Артымды шаңға көмермін.
Атамды айтып кайтейін,
Батаңды алып көгердім.
Ақиқат жолын нұсқашы,
Оғындай түзу береннің.
Жымына тұяқ ілдірмей,
Жоғары менен төменнің,
Дулат пен Ақтанбердінің
Кенішін тауып кенелдің.
Шыңырауын көмген шегеннің,
Бұғатын бұзған бөгеннің,
Дауыл кеп діңін шайқады,
Ұялы бұтақ еменнің.
Жанардан жасың бұршақтап,
Көзінен өттің тебеннің.
Бағылан мойын желкеңді,
Бұршағы қиды көгеннің.
Бұлауға түскен тобандай,
Бейнет пен сорға бөлендің.
Заманың сиқын танытты,
Меңіреу, мылқау, кереңнің.
Шалқыған көлің тартылып,
Қаңсыған шөлдей кебердің.
Шеңгелі бүріп ішіңді,
Шорланып қатқан шеменнің,
Қобызын тарттың күңіреніп,
Қапаста қайғы жегеннің.
Құтыла қалсаң кісеннен,
Сәтінде алаң-елеңнің,
Шыға алмай шарлап шетіне,
Опасыз дүние дегеннің,
Астыңа мінген ақ атан,
Апарып тасқа шөгердің.
Айтшы сен сонда не көрдің?
Үркектей қарап алдыға,
Үмітті кері шегердің.
Сен сенбей кеткен жалғанға,
Иланып қалай сенермін?
Сен көнбей кеткен құрыққа,
Жуасып қалай көнермін?
Сен тәрік еткен арбаның
Дәртесін мен де тебермін.
Жанымды қоймас келер күн,
Қарыздың құнын төлермін.
Сен жұтқан удың жұғынын
Мен-дағы жұтып өлермін.
Тізгінін тұлдыр пәнидің,
Артқыға мен де берермін.
Керегем кедей - басқұр жоқ,
Өнегем өгей - дәстүр жоқ.
Қорадан тартар қойымды,
Аңдыған дүлей - қасқыр көп.
Амалын айтып кетпесең,
Көлденең тұр ғой кедергім.
Соңыңнан жетсем жұрдай боп,
Мақшарда саған не дермін?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу