Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  124


Автор: Несіпбек Айтұлы

Есіңде ме?

Жаз күркесін күз келіп жығар әлі,
Өрекпумен өзендей жыл ағады.
Шағаласын шақырып шалғай кеткен,
Көлдерім тұр көзімде жылағалы.
Жайлау үсті.
Сонау бір жырадағы,
Құлағыңда жүр ме әлі бұлақ әні.
Кірпігіңе ілініп жұлдыз тамшы,
Шақ тұрдың-ау, сен сонда жылағалы.
Қарауытып көрінбей ауыл маңы,
Қоңыр түннің көрпесі қалыңдады.
Тұрдым мен де ұмытып дүниені,
Есіл-дертім сенде боп жанымдағы.
Ым қаққандай
Жұлдыздар жымыңдаған,
Сырласқандай
Шегіртке шырылдаған.
Кереметін көрсетпей келіпті ғой,
Мына тұрған табиғат бұрын маған.
Жанарыңа жанарды тұрдым қадап,
Езу тартып, жай ғана күлдің замат.
Қызғанды ма?
Жүзіңді көлегейлеп,
Бүркей берді қара түн тұнжыр қабақ.
Ойхой, дүние!
Ол дәурен қайда маған?!
Өтеді өмір біртіндеп майдалаған.
Қызғанып ем сол сәтте мен өзіңді,
Таудан-тастан,
Тоғайдан,
Айдаладан...
Біле алмаймын бұл күнде жүрмін қалай?
Жастық құсы сайрамай, жыр жырламай.
Көрген түстей көшеді көз алдымнан,
Өткен өмір тұра ма бұлдырламай.
Қызғалдақтай үлбіреп құмға шыққан,
Тұрушы едің шақырып тым қашықтан.
Жұтып жастық сусынын бір кеседен,
Татып едік балын да бір қасықтан.
Есіңде ме?
Сол бір түн – Қасқа бұлақ,
Секілді еді секіріп қашқан лақ.
Қасқа бұлақ
Ойыма оралғанда,
Жанарымды аламын жасқа бұлап..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу