Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  142


Автор: Несіпбек Айтұлы

Ошақ

Бармысың,
Киелі ошақ ұшқындаған!
Сағынтып жүрегімді қыстың жаман.
Қойнынан қара түннің қарауытқан,
Сәуле боп сонадайдан түстің маған.
Сырлы ошақ,
Сағымды ошақ,
Жалынды ошақ...
Келемін бордай еріп, жаным босап.
Отырды-ау, қауқылдасып –
Барын жасап,
Түбіңде қалың қазақ – қалың жасақ.
Өткенді ойға оралтсам соға ма ауыр?
Бір қозғау салып тұрсың санама бұл.
Болдың ба жалғандағы жалғыз тірек,
Телмірді қоршап сені қоралы ауыл.
Басыңда ән айтылды, жыр айтылды,
Бос белбеу, боз өкпелер былай тұрды.
Қаныма жалыныңды құйшы менің,
Болайын бір-ақ сәтте құдай сынды!
Алыстан көрінесің көз нұрындай,
Жеткізбей,
Жақындамай,
Тез бұрылмай.
Жұлдыздай жымың қағып жерге түскен,
Біресе елестейсің жез құлындай.
Түнеріп тұнжыраған тылсымда анау,
Иірімдей үйірілген бір сыр бар-ау!
Ләм демес сұрағанмен суыртпақтап,
Әрі жас, әрі кәрі – бұл түн қарау...
Қарт анам көпті көрген – қара ошағым,
Бәріне куәсің ғой тамашаның.
Тағы да сендіресің –
Сен білесің,
Қашаннан жерге түскен жара санын.
Сарнатып сар желдіріп сары атанын,
Соққанда суық желі қарашаның,
Тоңдырмай қара қостың балапанын,
Жылыттың аналардың алақанын...
Тағасы тағатымның бітті сынып,
Аймала алауыңды тік түсіріп.
Қазанға бара салып бас қояйын,
Қара ошақ, жатырмысың сүт пісіріп?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу