Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  117


Автор: Несіпбек Айтұлы

Төкен

Семейде отыр Ибрагимнің Төкені,
Іздей қалсаң, мұражайда мекені.
Санамаймын жазғаны мен сызғанын,
Бар қазаққа белгілі кім екені.
Шырақшы емес, ол – Абайға шабарман,
Абайға құл болған жанда жоқ арман.
Алпыс жылғы азабының қисабы –
Алпыс тал шаш самайында ағарған.
Ертісті өзі меншігіне алғандай,
Емен-жарқын аралдағы ормандай.
От пен суға мойымаған сүйегін,
Тарбағатай жартасынан жонғандай.
Төкен осы – сырты қара, іші аппақ,
Қазақ көрсе жүргені ылғи құшақтап.
Арамдар мен надандарға кезіксе,
Өткір сөзбен өлтіреді пышақтап.
Төкен осы – жапырағын жұтатпай,
Жел өтінде желбіреген бұтақтай.
Иә, болмаса мұражайдың төрінде,
Сөйлеп тұрған бейне кісі – кітаптай.
Кейімесе қажығанда бәзі бір,
Дүниенің оған көп пен азы бір.
Ірілердің ортасында ізетті,
Інілердің ортасында қазымыр.
Орындалған емес ешбір жоспары,
Сүйенетін сеңгір тауы – достары.
Сағынары – Серікқалиев Зейнолла,
Табынары – Сүлейменнің Асқары.
Қандай кісі жақсы көрмес Төкенді,
Кейде дана, кейде қисық әпенді.
Қалыбына сыймай қалып қара шал,
Танытпаса жарар еді көкемді?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу