Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  111


Автор: Несіпбек Айтұлы

Әміріңе құлдық ұрдым

Әміріңе құлдық ұрдым, жұмса мені, ей, төрем,
Шөлден қазған шыңыраудай шымырлайды ой терең.
Қу медиен, құла дүзде қалғанымда қаңғырып,
Сөз киесі, өзің келіп құтқармасаң қайтер ем?
Тағдырымды, зар-мұңымды түсінетін сен ғана,
Саған ғана сыйынамын, сыйынғандай Аллаға.
Ей, жүрегім, тойып болған бақытқа да, сорға да,
Қасіреттің көз жасы боп ақ қағазға сорғала!
Не табамын сен болмасаң, айналамнан жұтаған,
Айырылды тозған торғай қорғалаған бұтадан.
Заман түрі жалаңдаған ақ балтаның жүзіндей,
Мың жылғы өскен бәйтеректі бір-ақ күнде бұтаған.
Дүниені дерт жайласа, жуырмаңда ем қонбас,
Көтеремге жүгін артқан көштің күні енді оңбас.
Қараңғыда тас маңдайын қайда ұрарын кім білсін,
Соқыр теке тәрізденіп қаңғалақтап қалған бас.
Сөз киесі, мүсіркей гөр, соңғы медет өзіңде,
Үзілмейтін қанат байла үлбіреген сезімге.
Адаспасын десең мені, жұлдызыңнан жарық төк,
Алақұйын ортасында аласұрған кезімде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу