Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  124


Автор: Несіпбек Айтұлы

Сүйек ауыр

Дүр етіп көтерілсе көлдің құсы,
Қанатын кері тебер желдің күші.
Алмасып аласұрған көк толқынның,
Жартасқа маңдай соғар алдыңғысы.
Бұрқаса көкте дауыл алай-түлей,
Сығалап бұлт астынан қарайды үрей.
Жаратқан жайдың оғын жарқылдатса,
Түседі тәубасына талай дүлей.
Сімірген Айдың нұрын, күн қызуын,
Жалғанның қияр дейсің кім қызығын?
Тілейді жатса-тұрса бір Алладан,
Сөнбеуін жарқыраған жұлдызының.
Туған соң жер бетінде әркім жасар,
Арттағы алдыңғының орнын басар.
Бөлісіп қысқа өмірдің қуанышын,
Кәрі шал жас баламен қалжыңдасар.
Белгісіз кімнен кейін кім өлмегі,
Қайғы да – тіршіліктің бір ермегі.
Адымың жазылмаса амал бар ма,
Тұлпардың аяғындай шідердегі.
Алдыңнан атып тұрса жарқырап таң,
Арқаңнан салмақ түсер алты батпан.
Таңдайын тағдырыңның жібітер ме,
Қара су кірпігіңнен тамшылатқан.
Шықпаса жел жағыңа жанашырың,
Үзіліп жерге түсер қарашығың.
Сыйлысың сипай кетсең маңдайынан,
Мұңайған бір қазақтың баласының.
Болғанда ат көтерем, түйе жауыр,
Қолтықтан бір-біріңді сүйе, бауыр.
Орнынан ешкім қайта қозғалта алмас,
Түскен соң қара жерге сүйек ауыр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу