Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  74


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Жүректі іліпті қармақ қай?

Жүректі іліпті қармақ қай?
Бөлінді ойым мың тармаққа –ай.
Сезімім бағынбай сенделіп
Жөнелді жүгенсіз қаңбақтай.
Жазмышқа жанарым жалтақтап,
Жинады қайғыны алты-ақ қат.
Жегенім жап-жасыл сырт көзге
Шүйгінді шөп десем, жантақ, қап.
Бабымды көруші ем болаттай,
Қу жалған сын оғын боратты-ай.
Махаббат менменсіп мені бұл
Тастады жанына жолатпай.
Сандалып жібердім сан ағат
Шеңгелден шыққаным шамалы-ақ.
Тағдырдың табына бет түзеп
Тұлпар деп мінгенім шабан ат!
Жусаған жанымды жігерлеп,
Тар жолда тайғанап жүрем көп.
Шабыттың алғам ба есегін
Пырақ деп пайдасыз жүгендеп.
Жалған бұл жан-жақа жөнетсе
Оған да ойланбай көн өкше.
Тек қана табынтып қоймаса
Өзіне өкініш өлексе!
Бәріміз бақ алып бармақтай
Тағдырдан тақ алдық таңдап қай?
Құдайым, сақтай көр бір өзің
Соғылар сеңіңнен аңдатпай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу