Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  71


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Заман зиянкесі

Жүрек пен тас білмейміз айырмасын,
Кетті отпен ар мәні шайылғасын.
Қанмен келген қазақи қасиеттің
Көркі көшті көр болып Саинда сұм.
Мөлдір судай таза еді қан бұрында,
Енді өрілді арсыздық паң бұрымға.
Бұрын-соңды бетсіздік боялмаған
Бүгінгідей Сейфуллин даңғылында.
Рахат үшін аямай «күшік» төлем,
Қыздың құны кетіпті түсіп төмен.
Әдепсіздік әлемі белең алып
Іргемізге енуде ісік терең.
Ойланбастан ортада ашып сауна,
Жасалуда тәнге бұл ашық сауда.
Ғасырлардан құйылған қанға адалдық
Қазағымда қазіргі нәсіп сау ма?
Қалдырмады жастардың желік түгін
Сайтан сүлік сорғаны еріктігін.
«Мінемін» деп «есектің еріне» кеп
Құлдыратты қапы да елік құнын.
Қайда барар заманым жеккен түйе?
Қайда барар елемес дертке еңкейе?
Қашан енді ес кіріп, ағарады?
Бүгінгі ұрпақ таңба ғып бөккен күйе...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу